Қазақстан, Корей және Ресей ғалымдары иммундық қабыну ауруларында өкпенің зақымдануының өзектілігі туралы тақырыпты алғаш рет көтерді


Қазақстан, Корей және Ресей ғалымдары иммундық қабыну ауруларында өкпенің зақымдануының өзектілігі туралы тақырыпты алғаш рет көтерді



С.Асфендияров ат. ҚазҰМУ 2020 жылғы 6 ақпанда Қазақстан, Корей және Ресейдің белгілі ғалымдарының қатысуымен өткен «Пульмонологиядағы ревматологияның сабақтас проблемалары» пәнаралық ғылыми-практикалық конференцияда біздің елімізде жүйелі иммундық қабыну ауруларында болатын өкпенің зақымдануының өзектілігі туралы тақырып алғаш рет көтерілді.

Жүйелі ревматологиялық аурулар ағымының ерекшелігі басқа мамандықтармен түйіскендегі клиникалық көрінісінің сан алуандылығы болып табылады. Бүгінде ревматологиялық аурулардың көрінісінде ең алдымен өкпе және өкпе тіні, бронх, өкпеқап және тыныс алу  бұлшықеттерін қоса, тыныс алу жүйесінің барлық компоненттерінің зақымдана алатындығы белгілі. Өкпе симптоматикасы ревматологиялық аурулары бар науқастардың 10-80%-да кездеседі.

Сондықтан осы мәселені қарастыру ең алдымен пульмонологиялық проблемалары бар пациенттерді қарайтын пульмонологтар, жалпы практика дәрігерлері, терапевтер, аллергологтар үшін өзекті болып табылады.

С.Асфендияров ат. ҚазҰМУ ішкі аурулар кафедрасының профессоры, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ консультанты, ревматолог, м.ғ.к Ольга Машкунова жиналғандарға иммундық қабыну аурулары кезіндегі бронхөкпе жүйенің зақымдануын диагностикалаудың әдісі туралы айтып берді. Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі профессор, м.ғ.д., пульмонолог Сауле Касенова көрінісі жүйелі ауруларда кездесуі мүмкін интерстициалды өкпе фиброзының проблемалары туралы деректерді ұсынды.  

Конференция шеңберінде сонымен қатар практикалық дәрігерлермен бірге интерактивті пікірталас форматында Ревматологтар және пульмонологтар сарапшыларының кеңесі өтті.

Бұл шара клиникалық практикада осындай пациенттерді ерте диагностикалау және бірлесіп емдеп қарауды жақсарту үшін ревматологияның пәнаралық проблемаларын тереңдетіп зерттеуде ревматологтар, пульмонологтар, отбасы дәрігерлерінің көзқарасын кеңейтуге мүмкіндік берді.