Денсаулық мектебі емдеу мен оңалтуда тиімділікке қол жеткізудегі дәрігер мен пациент арасындағы ынтымақтастықты қамтамасыз етеді


Денсаулық мектебі емдеу мен оңалтуда тиімділікке қол жеткізудегі дәрігер мен пациент  арасындағы  ынтымақтастықты  қамтамасыз етеді



 



1986 жылы  Оттава қаласында (Канада) өткен Бірінші халықаралық конференцияда қабылданған Денсаулықты нығайту бойынша Оттава хартиясында: «Біздің денсаулығымыз бен амандығымыз өзіміздің қолымызда, сондықтан денсаулықты нығайту қызметінің басты бағыттарының бірі жеке дағдыларды дамытуға көмек көрсету болып табылады» делінген.



Осыған байланысты Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында 2019 жылдың тамыз айынан бастап эндокринолог, гастроэнтеролог, нефролог, кардиолог, пульмонолог және аллерголог мектептері  ашылды, мұндағы басты мақсат –  науқастардың емделуге, өз денсаулықтарын нығайтуға деген  ынталарын қалыптастыру,  пациенттің өз денсаулығы мен өмір сүру сапасына деген жауапкершілігін арттыру, медицина қызметкері мен пациенттің арасында емдеу мен оңалтудың  тиімділігіне қол жеткізудегі ынтымақтастықты қамтамасыз ету екенін айта кеткен жөн. 



 Осы уақытта 366 науқас оқытылды. Оқу сабақтарында оларға артериялық қан қысымын тексеру техникасы, 2-типтегі қант диабетіндегі тамақтану қағидаттары мен дене қимылының жүктемелерін,  өзін-өзі бақылау және өз өзіне көмек көрсете білу,  ішек, өңеш, асқазан аурулары кезінде қалай тамақтану керектігі,  коронография жасауға қандай  көрсеткіштер мен қарсы көрсеткіштердің болуы туралы және басқа да шаралар жүргізу үйретілді.



Оқыту сабақтарында алынған білім мен дағдылар пациенттердің өз сырқатына қатысты: қауіп факторлары, оның дамуы мен мүмкін болатын асқынулар туралы  ақпараттануын арттыруға мүмкіндік берді. Ең маңыздысы -  пациенттің сана-сезіміне  өзінің тек «дәрі ішетін» немесе «процедураларды қабылдайтын» ғана емес екендігін ұғындыру арқылы емдеу процесіне өзінің де қатысуы қажет екенін қалыптастыру керек. Сондай-ақ пациенттің туғандары да оның қайта қалпына келу және оңалту шараларына қатысуы тиіс.



           Сонымен бірге медицина қызметкерлерінің өздері де оқытылды. Мәселен, Бүкіләлемдік жүрек күні шеңберінде институт мейіргерлері Алматы қаласы емханаларының орта медицина персоналына семинар өткізді, оған 27 мейіргер қатысты. Еліміздің барлық аймақтарындағы МСАК мейіргерлері үшін  «Ауруларды басқару бағдарламасы бойынша медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетудегі мейіргерлердің рөлі» атты екі күндік семинар өткізілді.  Оқытудың мақсаты  АББ тиімді енгізудің дағдыларын одан әрі жергілікті орындарда «каскадтық әдіспен» өткізуге МСАК мейіргерлерінің жаттықтырушыларын үйрету және дайындау еді.