Пациенттердің емделуге деген ұстанымы өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді. Жеке және қоғамдық денсаулықты сақтау мен нығайтуға қатысты мемлекеттің, жұмыс берушілер мен тұлғалардың ортақ жауапкершілігінің қағидаттары "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 5-бабында (2-тармақ) белгіленген.
Мемлекет еліміздің азаматтарының медициналық көмекке, көрсетілетін медициналық көмек пен дәрімен қамтамасыз етудің сапалы болуына, сондай-ақ дәрілік заттардың тиімділігі мен қауіпсіздігіне және т.б. тең қол жеткізілуіне кепілдік береді.
Медицинадағы әр буынның өзіндік баға жетпес орны бар. Денсаулық сақтау жүйесінің негізгі әрекет етуші тұлғалары - дәрігер және пациент. Медицинаның негізгі қағидасы «Ең алдымен зиян тигізбе» кез келген дәуірде де өзекті болып келеді. Адам өмірін сақтап қалу және оның сапасын арттыру үшін дәрігерлер диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамаларын басшылыққа ала отырып медициналық көмек көрсетеді.
Денсаулықты сақтаудың құрамдас бөлігінің бірі адамның өз денсаулығына деген көзқарасы екені белгілі.Әр адам денсаулығына көп қозғалмайтын өмір салты, темекі шегу, алкоголь ішімдіктерін шектен тыс тұтынудың қаншалықты зиян екендігін біледі. Алайда ол осы жай ғана ережелерді ұстанады ма? Кодекстің 80-бабына сәйкес Қазақстан азаматтары өз денсаулығын сақтаудың қамын жасауға және ортақ жауапкершілік алуға, профилактикалық медициналық қарап-тексерулерден, скринингтік зерттеулерден өтуге; медицина қызметкерлерінің тағайындамаларын орындауға, сондай-ақ өз денсаулығын басқару процесіне, оның ішінде созылмалы ауруларды басқару бағдарламаларына қатысуға міндетті.
Аурудың өршіген кезінде адам денсаулығы үшін жағымсыз нәтижелерді болдырмау үшін тараптардың әрқайсысы ортақ жауапкершілікті арттыруы тиіс.
«Емдеудің тиімділігі тек дұрыс диагноз қоюға, оңтайлы стратегияны таңдауға, емдеудің дұрыс тактикасы мен тұрақты бақылануына ғана емес, сонымен қатар науқастың белгіленген терапия режимін сақтауына да байланысты», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Консультациялық-диагностикалық орталығының меңгерушісі, м.ғ.д. Қуат Абзалиев.
Қуат Баяндыұлының айтуынша, пациенттің емделуге деген ұстанымы болуы маңызды. Бұл пациенттің препараттарды қабылдау, диетаны сақтау, салауатты өмір салтын ұстануға қатысты дәрігердің берген ұсынымдарына, сонымен қатар дәрігерге қаралу кестесін орындау тәртібіне сәйкестік деңгейі.
Пациенттердің емделуге деген бейімділік деңгейін зерттеу бірқатар факторлармен өзара байланысты екендігін көрсетті, олар:
- жынысы мен жасы (65 жастан асқан егде жастағы ер адамдар және жас пациенттерде емделуге деген бейімділігі төмен);
- білім деңгейі (ауруды жоққа шығару, есте сақтай алмау, «шыдамсыздық» және т.б.);
- ауру ағымының ерекшеліктері;
- препаратты дұрыс таңдау: оның тиімділігі мен төзімділігі;
- емдеу схемасы, атап айтқанда, тағайындалған препараттардың саны, оларды бір тәулік ішінде қабылдаудың жиілігі (жұмыс істейтін науқас үшін дәрі-дәрмекті қабылдаудың күрделі схемасы қиын болады, полипрагмазия (дәрі-дәрмектерді араластыру) бейімділікті нашарлатады);
- дәріханада дәрігер тағайындаған препараттардың болуы.
Ғалымдардың бағалауынша ауруға қарамастан кез келген емдеуге деген ұстаным (әсіресе ұзақ мерзімді) 50% - дан аспайды. Кейбір мамандар 62% - дан 72% - ға дейін ұсынымдардың орындалуына қол жеткізе алады. Алматы қаласында 2019 жылы 765 пациент пен 370 дәрігердің қатысуымен зерттеу жүргізілді. Сауалнама пациенттердің 75,5% - ы жоғары әлеуметтік жауапкершілікті көрсеткенін және жыл бойы шамамен 54% - ы үнемі дәрі-дәрмектерді қабылдайтындығын анықтады.
Емделуге деген ұстанымға пациент пен медицина қызметкерлерінің (дәрігер, мейіргер) тығыз ынтымақтасу жағдайында қол жеткізіледі. Пациенттің және жақындарының хабардарлығын арттыру пациенттің өз денсаулығына деген жауапкершілігін де арттыруы мүмкін. Науқастың емдік шараларды талқылауға қатысуы, жақындарын тарту оңтайлы емдеу нұсқасын таңдау мүмкіндігін кеңейтеді, оның барысында пациент дәрігердің ұсынымдарын орындауға жауапкершілік алады. Бұл ретте емдеудің балама тәсілдерін, пациент кездесуі мүмкін проблемаларды талқылау және әрі қарай бақылауды жоспарлау үшін сенімді атмосфераны құру қажет. Өзара сенімді қарым-қатынас пациенттердің емге қанағаттануының қалыптасуына ықпал етеді, ұстанымын жақсартуға және нәтижесінде емдеудің тиімділігіне әсер етеді.
Емделуге деген ұстаным аурудың болжамын жақсартуға және пациенттердің өмір сүру сапасы мен ұзақтығын арттыруға мүмкіндік береді.