Медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрайымы Роза Қуанышбекова әріптестеріне ведомстволық наградаларды табыс етті.
Әріптестерін төл мерекесімен құттықтай отырып, Роза Тохтанәліқызы, өз тағдырын денсаулық сақтау ісімен байланыстырған әр адамның үлесі бағалы, деді. «Адам өмірін ұзартып, оны ажалдан арашалап қалуға тек қана қайырымды және жауапты адамдардың қолынан келеді. Біздің ұжымда да күн демей, түн демей адам денсаулығына, өміріне араша тұратын білікті, мейірімді және қолдары алтын мамандар баршылық», - деді орталық басшысы.
Роза Тохтанәліқызы әріптестеріне адал еңбектері үшін алғысын білдірді.
Жемісті еңбегі мен денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін институттың бірқатар қызметкері «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Олар - аллерголог Эльмира Тоқмурзаева, кардиохирург Ахан Баграмов, анестезиолог-реаниматолог Хамбар Зайтынов, кардиолог Алмат Қалжанов, дәрігер Роза Әбдіразакова және мейіргер Айна Беғалиева. Мейіргер Айгүл Әлиеваға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы тапсырылды.