2021 жылғы 25-26 наурызда Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ жасанды қанайналым зертханасы бар кардиохирургия бөлімшесінің мамандары м.ғ.к. Рүстем Төлеутаев және Ақан Баграмов Өзбекстанда үлгілі операциялар жасады.
25 наурызда Республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық кардиология медицина орталығының Наманган филиалында өмірге қауіпті жүректің ырғақ бұзылысын емдеу үшін жүрек қақпақшаларын қайта жасаумен бірге радиожиілікті аблацияны қатар орындай отырып 2 операция жасалды.
26 наурыз – Ташкент қ. American Hospital Жүрек-тамыр хирургиясы орталығында шеткі вакуумды ассистирленген жасанды қанайналым аппаратын пайдалана отырып митрал қақпақшасына азинвазивті пластика жасалды.
Барлық операциялар сәтті өтті. Бұл операциялардың артықшылығы -пациент операциядан кейін жылдам оңалады, өмір сүру сапасы жақсарады және өмір бойы дәріні пайдалану қажеттілігі болмайды.
Жыл сайын кардиохирургиялық бөлімшенің мамандары Қазақстанның аймақтық және жақын шетелдің орталықтарында шеберлік кластар өткізіп отырады.
Еске сала кетсек, 2019 жылдың 21 қарашасында Ташкент қаласында Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ және Өзбекстанның Республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық медицина орталығы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Құжатқа КІА ҒЗИ төрағасы Роза Қуанышбекова және Республикалық кардиологиялық орталықтың директоры Равшанбек Курбанов қол қойған.