Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ пациенттері: рахмет Сізге, дәрігер!


Елімізде маусым айының үшінші жексенбісінде Медицина қызметкерлерінің мерекесі аталып өтеді. Бұл күні өз тағдырын ең қиын, ең құрметті, ең қажетті кәсіппен байланыстырған жандарға алғыс  білдірудің маңызы зор. Дәрігердің адам өміріне араша түсу - бұл күнделікті қажырлы да, өте жауапты еңбек.



«Мереке қарсаңында біз Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басшылығын, дәрігерлері мен мейіргерлерін Медицина қызметкерлерінің күнімен құттықтап, оларға еңбек жолында табыс пен күш-жігер тілегіміз келеді», - дейді пациенттер.



Қызылорда облысынан келген ҚР құрметті құрылысшысы Алшынбай Тұрғанов атап өткендей, әрбір адам өз өмірінде медицинамен кездеседі, біз дәрігерге емделемін деген зор үмітпен келеміз. Олар біздің сауығып, аурудан арылып кетуіміз үшін бар күшін салып қана қоймай, біздің жанымызды да емдейді. Осы мереке күні медицина қызметкерлерінің өздеріне де зор денсаулық және ұзақ ғұмыр тілегім келеді»,- дейді ардагер аға.



Ол  кісінің айтуынша, еліміздің ең үздік орталығы болып табылатын осы клиникада 15 жыл бойы емделіп келеді, тек осы институттың мамандарының арқасында алты стентпен 76 жасқа дейін жетті.



«Соңғы жылдары институттың бірінші басшысы Роза Қуанышбекованың мықты ұйымдастырушылық қабылеттерінің арқасында клиниканың қаншалықты өзгергендігін көріп отырмыз. Бұл ғимараттың күрделі жөнделуі, жаңа жабдықтармен жарақталуы және тағы басқа да көптегенөзгерістер», - деп Алшынбай аға өз сөзін жалғастырды.



Оның палатадағы көршісі, Қызылорда облысының Жаңақорған ауданының құрметті азаматы, аудандық мәслихаттың үш  шақырылымының депутаты, 76 жастағы Тұрдалы Қалдыбаев жыл сайын клиникаға емделуге келетіндігін айтты, Тұрдалы аға жерлесінің сөзін мақұлдап, дәрігерлерге өз құрметін білдірді. Аға жүрек ырғағының және өткізгіштігінің бұзылыстары бөлімшесінің меңгерушісі Бағдат Ахытты, аритмолог дәрігер Артур Абдымомуновты және барлық дәрігерлер мен мейіргерлердің адал еңбектерін  атап өтті.



Жамбыл ауданының Фабричный ауылынан келген Бақытжан Кульчигашевтің жүрегіне операция жасалды. Оған да инфаркт пен инсульт алғаннан кейін осы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ бару туралы кеңес берілген.



Бақытжан Ракишевич кардиохирургтер  Рүстем Төлеутаев пен Жанар Нурбайдың арқасында жағдайының жақсарғандығын айта келе, бұл Қазақстандағы ең үздік клиникалардың бірі! «Мен біздің елімізде осындай клиника және мықты, білікті мамандардың болғандығына ризамын!»,- деді.