Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ жүрек ырғағы мен өткізгіштігінің бұзылыстары бөлімшесінің мамандары 2021 жылы электрокардиостимуляторды, сол жақ жүрекше құлақшасының окклюдерін, жүрек қызметінің кенеттен тоқтап қалу қаупі жоғары пациенттерге тері асты кардиовертер-дефибрилляторды импланттау, жүрек-ресинхрондаушы терапия (CRT-D), жүрек ырғағының түрлі бұзылыстары, оның ішінде жүрекше фибрилляциясының радиожиілікті аблациясы, криоаблация және т. б. аритмологиялық операциялар жасады.
Ағымдағы жылы рентгенэндоваскулярлық операциялық блокты жаңарту шеңберінде жүрек аритмиясын емдеуде "алтын стандарт" деп танылған CARTO 3 V7 Prime бірегей үш өлшемді жүрекішілік навигация жүйесі орнатылды. Бұл жүйе жүрек ырғағының күрделі бұзылыстары бар науқастарға тиімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Институттағы бар жабдық дүниежүзілік стандартқа сәйкес, мамандар жүрек ырғағының күрделі бұзылыстары бар пациенттерге кез келген операцияны жасай алады.
Клиниканың жетекші аритмологтары 2021 жылы Тараз қаласындағы Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы, Рудный қаласының көп бейінді ауруханасы және Көкшетау қаласының облыстық ауруханасында ЭКС және ИКД импланттау мен бағдарламалаудың заманауи аспектілері бойынша, сонымен қатар Кабул қаласының (Ауғанстан) клиникалық электрофизиология және интервенциялық аритмология бойынша өңірлік және шетелдік мамандары үшін бірқатар білім беру циклдарын өткізді.