КІА ҒЗИ-да Германиядан келген жетекші кардиохирург проф. Thorsten Hanke қатысуымен еліміздің кардиохирургтарына шеберлік класс өткізілді


Бүгін Алматы қаласына Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ ұйымдастырған Германиядан келген жетекші кардиохирург (Гамбург қ.), профессор Thorsten Hanke қатысуымен  «Қақпақшалы және қақпақшалы емес жүрекше фибрилляциясын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістері» тақырыбында өтетін шеберлік класқа қатысу үшін Қазақстанның барлық  өңірлерінен кардиолог дәрігерлер, интервенциялық кардиологтар мен аритмологтар, кардиохирургтар, терапевт дәрігерлер және жалпы практика дәрігерлері келді.

Шеберлік класс шеңберінде Қазақстанда алғаш рет Atricure жүйесімен криоблация жасай отырып митральды қақпақшаны хирургиялық түзету (экстремалдық суықтың әсеріне негізделген жүрек аритмиясын емдеу), жүрекше фибрилляциясындағы жүрекшенің сол жақ құлақшасын торакоскопиялық клиптеу  бойынша оперативтік араласулар жүргізілді.

Қатысушылар профессор Thorsten Hanke жасаған электрофизиология және терапияны тиімді таңдау туралы дәрісті тыңдады. Институттың кардиология кафедрасының профессоры Кульзида Кошумбаева жүрекше фибрилляциясына абляция жасалғаннан кейін пациенттерді операцияға дейін және операциядан кейін емдеп-қарау туралы, ал жүрек ырғағының және өткізгіштігінің бұзылуы бөлімшесінің меңгерушісі Роин Реквава – жүрекше фибрилляциясының транскатетерлік терапиясы туралы айтып берді.

Шеберлік класс барысында нақты клиникалық жағдайлар қарастырылды және қатысушылар Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ бөлімше меңгерушілері Рүстем Төлеутаев және Роин Рекваваның  профессор Thorsten Hankeмен бірлесіп жасаған операцияларды бақылауға мүмкіндік алды.

Келесі күні, яғни 24 қаңтарда операция алды және операциядан кейінгі ұсынымдар берілетін болады, сонымен қатар операция жасалып клиникалық жағдайлар қайтадан қарастырылатын болады. Жасанды қанайналым зертханасы бар кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев еліміздің барлық өңірлерінен келген әріптестеріне жүрекше фибрилляциясын торакоскопиялық емдеудің тәсілдерімен таныстыратын болады.

Осындай шеберлік кластарды өткізу кардиохирургиядағы оперативтік араласаулардың техникасын меңгеруге, мамандардың кәсіби дағдысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. 

Профессор Thorsten Hanke әлемдік практикада белгілі кардиохирург, Торакальдық және жүрек-тамыр хирургиясы жөніндегі неміс қоғамының, Еуропалық кардиоторакальдық хирургия  қауымдастығының, Неміс кардиологиялық қоғамының Аритмия жұмыс тобының, сондай-ақ Неміс кардиологтар қоғамының мүшесі болып табылады. Ол медицина саласында жасаған еңбегі мен ғылыми жаңалықтары үшін көптеген сыйлықтар мен гранттар алды.