Медициналық персоналды үздіксіз оқыту - Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының сапалы қызмет көрсетудегі басым міндеттерінің бірі. Бүгін С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ оқытушылары, профессор Зурияда Сакипова, доцент Сатпаева Е.М. және ҚР фармацевтика қызметін қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманованың қатысуымен «Кардиологияда мейіргер ісінің клиникалық-фармацевтикалық аспектілері» оқу циклі басталды.
Дәріскерлер курс тыңдаушыларын 2020 жылғы шілде айында қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесу туралы» ҚР Кодексінің негізгі ережелерімен таныстырды. Институттың әр бөлімшелерінің мейіргерлері дәрілік заттар мен медицинаға арналған бұйымдармен жұмыс істеу, дәрілерді тиімді пайдалану мәселелері бойынша заңнама актілерімен танысты.
Қазақстанда қазіргі таңда мейіргер мамандығын қолдау бойынша нақты қадамдар жасалып жатқандығы туралы айта кеткен жөн. Мейіргер денсаулық сақтау саласындағы негізгі буын болып табылады. Бүгінгі таңда олардың қызметі кеңейтіліп, дәрігердің бірқатар өкілеттілігін атқаратын мейіргер қызметінің рөлі мейлінше артып отыр. Осыған байланысты мейіргерлерді әрдайым оқытып отыру қажет.
Ұзақтығы 54 сағатты құрайтын, аралас форматта өтетін оқыту циклы 23 қаңтарға дейін жалғасады. Тыңдаушылардың тілегін ескере отырып, алдыңғы күндердің бағдарламасына дәрілік заттардың сапасы, әрекет ету механизмдері бойынша түрлі препараттардың жіктелуі, мүмкін болатын кері әсерлері, түрлі клиникалық жағдайларда препараттарды таңдай білу және т.б. тақырыптар енгізілді.