Медицина ардагерін 80 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрайымы Роза Қуанышбекова: «Халықта орнын баса алмайтын адам жоқ десе де, Сіз, Болат Орзадаұлы – таптырмайтын мамансыз. Бүкіл ғұмырыңызды денсаулық сақтау ісіне арнап, құрметті демалыста болуыңызға қарамастан, еңбек етуді тоқтатпай, әріптестеріңізбен өзіңіздің өмірлік және практикалық мол тәжірибеңізбен бөлісіп, жас ұрпақты медицинаның қыр-сырына тәрбиелеп отырғаныңыз үшін алғысым мен құрметімді білдіргім келеді» - деп, ризашылығын білдірді. Институттың бірінші басшысы мерейтой иесіне шипажайға жолдама және ақшалай сыйлықты табыс етті.
Әріптесін құттықтау үшін ҚР еңбек сіңірген дәрігер, профессор, м.ғ.д., белгілі педиатр Болат Хабижанов келді. Ол кісі : «Болат Орзадаұлы медицина саласында көп қырлы, жан-жақты білімі бар зерттеуші және практик ретінде көрініп, қатардағы педиатр дәрігерден медицина ғылымдарының докторы, медицина профессорына дейінгі даңқты жолдан өтті. Еліміз бен халқымыз үшін көптеген пайдалы еңбектер жасады» - деді.
Мерейтой иесімен қатар жұмыс істейтін әріптестері де еліміздің курортология саласын дамытудағы Болат Орзадаұлының жеке үлесін жоғары бағалай отырып, ғалымның бойындағы жауапкершілік, ұқыптылық, қарапайымдылық, адалдық, ізеттілік секілді адами қасиеттерінің мол екендігін атап өтті. Олар күнделікті жұмыс барысында қажет баға жетпес кеңестері үшін алғыс айта отырып, еліміздің медицина саласын әрі қарай дамыту жолында әлі де ұзақ еңбек етуіне тілек білдірді.