Ұлы Отан соғысы жылдары өмір үшін шайқасқан әр медицина қызметкері зор құрметке лайық


Ұлы Отан соғысы жылдары жауынгерлердің өмірі үшін шайқасқан әр медицина қызметкері ерекше құрметке лайық. Егер осы адамдардың жаралы жауынгерлердің өмірі үшін күрескен ерлігі болмаса, адамдардың шығыны бұдан да көп болуы мүмкін еді. Дәрігерлердің арқасында мыңдаған жауынгер аман қалып, қатарға қосылып, неміс басқыншыларын жеңіп шықты.



Биылғы жылы атап өткелі отырған Жеңістің 75 жылдық мерейтойына медицина қызметкерлерінің де қосқан үлесі зор. Олар жауынгерлермен қатар өз өмірлерін қатерге тігіп, далада, көп жағдайда оқ борап жатқан шайқаста күрделі операциялар жасады. Жап-жас нәзік санитар қыздар жаралы жауынгерлерді талай рет шайқас орнынан алып шықты. Қаншама дәрігер Отан үшін өмірлерін қиды.



Тылда жұмыс істеп, өлім аузында жатқандарды емдеп, оларды өмірге қайтару үшін жандарын берген дәрігерлер, мейіргерлер, санитарлардың еңбегін қалай естен шығарамыз? Дәрігерлердің басым көбі – әйелдер, аналар, апа-қарындастар, қыздар. Ер адамдардың барлығы майдан шебінде жүргенде, әйел адамдар соғыстың барлық ауыртпашылығын  көтерді. Олардың көрген тауқыметі жауынгерлердікінен кем болған жоқ.



Осы ержүрек адамдар алдында Жеңіс үшін басымызды иеміз!



Бүгінгі бейбіт күні де коронавирус пандемиясы жағдайында біздің дәрігерлер адам өміріне араша тұру үшін барлық күш-жігерлерін салуда. Біз өз кәсібіне адал,  білікті, білгір, дарынды дәрігер әріптестерімізді, оның ішінде осы уақытқа дейін аянбай еңбек етіп жүрген  ардагерлерді мақтан тұтамыз.



Құрметті әріптестер, қадірлі ардагерлер!




Сіздерге кәсіби қызметтеріңізге табыс, күш-қайрат және төзімділік тілейміз! Отбасыларыңызға құт-береке, амандық пен бақыт тілейміз!



                             



                                                      Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ ұжымы