Мәскеулік дәрігерлер Пациенттерге мониторинг жүргізетін қалалық орталықты базасында құрып жатқан КІАҒЗИ-да болды


Бүгін Алматы қаласына қазақстандық әріптестеріне COVID-19 коронавирустық инфекциясымен күресуде консультативтік және әдістемелік көмек көрсету үшін келген Мәскеу дәрігерлері Пациенттерге мониторинг жүргізетін қалалық орталықты базасында құрып жатқан Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-на келді. Осы орталықтың қызметі науқасы күрделі ауырлық деңгейдегі пациенттердің санын  азайтуға және өлім жағдайларының санын барынша төмендетуге бағытталады.



Кездесуге Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров, С.Ж.Асфендияров ат. ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин, қала әкімдігінің өкілдері, ҚДБ жанындағы Үйлестіру орталығы басшысының орынбасары және т.б. қатысты.



Ресейлік әріптестер Мәскеуде жұмыс істеп жатқан осыған ұқсас орталықтардың жұмыс істеу тәжірибесімен бөлісті. Олар болып жатқан жағдайларға талдау жасауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйені құру, қала атынан тәлімгерді анықтау, қашықтықтан бақылау жұмысын реттеу, сондай-ақ коронавирус бойынша тәулік бойғы саll-орталық және 103 қызметімен өзара байланыста болу, республикалық деңгейде қолдауға келісім алу, келіп түсетін қоңырауларды қабылдауды ретке келтіруді ұсынды.



Сонымен қатар, емхана дәрігерлері тәуекел аймағында, жасы ұлғайған, ілеспелі аурулары бар пациенттердің жай-күйін ескере отырып, пациентті орталыққа тіркеу қажеттілігі айтылды.



Сарапшылар қаланың медициналық қауымдастығының жұмысын және Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ базасында Пациенттерге мониторинг жүргізетін қалалық орталықтың дер кезінде  ұйымдастырылуын  жоғары бағалады.



Құрылып жатқан Пациенттерге мониторинг жүргізетін қалалық орталықтың шеңберінде жетекші мамандар медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарының дәрігерлеріне тәулік бойы консультация беретіндігін айта кету керек.