Әр дәрігер өзінің білімі мен біліктілігін, құзыреттілігі мен кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп, әрқашан медицина саласындағы жаңалықтарды оқып-біліп отыруы тиіс. Симуляциялық білім беру орталықтарының әр білім алушыға өз бетінше талап етілетін процедураларды орындауға мүмкіндік беретін муляждар, виртуалды және роботталған манекендерді пайдалана отырып, жас дәрігерлерді оқыту кезінде практикалық білімі мен дағдыларын меңгерудегі алатын орны зор.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ қызмет ететін жүрек-өкпе реанимациясы, интервенциялық кардиология және аритмология симуляция орталықтары, сондай-ақ гибридті зертханалар резиденттер мен дәрігерлерге теориялық және практикалық дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді.
Білім алушылардың Қазақстандағы Simbionix ANGIO Mentor Suite жалғыз симуляторында эндоваскулярлық араласулардың дағдыларын меңгеруге мүмкіндіктері бар.
«Simbionix ANGIO Mentor нақты уақыт режимінде рентгеноскопияның бақылауымен орындалатын эндоваскулярлық процедуралардың компьютерлік медициналық симуляторы болып табылады. Ол ангиография, ангиопластика және стенттеу секілді эндоваскулярлық процедураларды жүргізудің жеке немесе командалық жаттықтыруын ұсынады», - дейді рентгеноэндоваскулярлық операция блогының меңгерушісі, интервенциялық кардиолог, рентгенхирург Алексей Колесников.
Жүйенің анатомиялық құрылымдарды шынайы 3D көрсету және интервенциялық құралдарды пайдалана отырып процедураларды шынайы имитациялауға және тактильді сезімдер жасау қабілеті бар. Simbionix ANGIO Mentor коронарлық араласулардың негізгі дағдылары жөніндегі модульді қамтиды, онда жүрек тамырларын стенттеу кезіндегі асқынулар бойынша симуляциялық бағдарламалар, асқынулармен күресудің практикалық дағдыларын әзірлеу және жіті коронарлық синдром кезіндегі интервенциялық араласулар енгізілген.
Сонымен қатар, Дағдарыстарды зерттеу орталығының (Литва, Каунас қ.) қолдауымен құрылған гибридті зертхана қызмет жасайды. Дағдарыстарды зерттеу орталығы әзірлеген оқыту әдістемесі білімді тез және тиімді таратуға және персоналдың практикалық дағдыларын практикада қолдануға мүмкіндік береді.
Зертхана аптасына 7 күнде 24 сағат жұмыс істей алады, бұл персоналға өзіне қолайлы уақытта зертханада жұмыс істеуге және практикалық дағдыларын жасап көруге мүмкіндік береді.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиология кафедрасының басшысы, м.ғ.к. Айсұлу Мұсағалиеваның айтуынша, барлық сабақтар бейнетаспаға жазылады, оларды нұсқаушы қарап отырады. Курс аяқталғаннан кейін қорытынды тапсырма тапсырылады, ол да бейнетаспаға жазылады және нұсқаушы бағалайды.
Гибридті зертхананың базасында түрлі тақырыптар бойынша, мысалы «Жедел кардиологиялық көмек», «Мамандандырылған реанимациялық көмек», «Бастапқы бағалау және COVID-19 инфекциясы бар пациенттерді емдеу» және т.б. тақырыптағы курстар жүргізіледі.