ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында болды


Бүгін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматы қаласына жұмыс сапары барысында «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ -да болды.



Бұл институт - еліміздің барлық аймақтарынан келетін пациенттерге жоғары білікті медициналық көмек көрсететін жетекші көпсалалы клиникалардың бірі.



Министр рентгенэндоваскулярлық операция блогында және халықаралық сапа стандарттарына сәйкес жаңартылған кардиохирургиялық операция бөлімінің жұмысымен танысты. Мұнда кардиохирургиялық операциялардың барлық түрлері жасалады. Соңғы 2 жылда кардиохирургиялық операциялардың саны бір жарым есеге, эндоваскулярлық араласулар - 2 еседен астамға өсті. Қазақстанда тек Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да ғана жүрек ырғағының бұзылысын коронарлық шунттау немесе жүрек ақауларын түзете отырып бір уақытта емдеу үшін ашық жүрекке криоаблация операциясы жасалады. Жаңадан орнатылған және пайдалануға берілген 3D визуализациялаудың мүмкіндіктері бар заманауи торакоскопиялық тіреу қондырғысы кеудені кеспей-ақ жүрек қақпақшаларына аз инвазивті операция жасауға және коронарлық шунттауды орындауға мүмкіндік берді. Жаңа операциялық бөлімде жарақаттанушылықты азайту мақсатында бір пациентті емдеу кезінде бір мезгілде 2 түрлі тәсіл қолдану арқылы (эндоваскулярлық араласулармен бірге ашық операция) гибридті операцияларды жасау мүмкіндігі бар. Институттың жүрек қақпақшаларын алмастыру және пластика қою, туа біткен жүрек кемістігін түзету бойынша аз инвазивті операциялар жасаудың мол тәжірибесі бар. Кардиохирургтар командасының тәжірибесі жүрекке ең күрделі операцияларды жасауға мүмкіндік береді.



ҒЗИ-тың басқарма төрайымы Роза Қуанышбекова, еліміздің бас дәрігеріне, былтырғы жылдан бастап жетекші кардиологтар мен интервенциялық кардиохирургтар жүректің жүре пайда болған кемістігі – аорта қақпақшасының стенозы бар пациенттерге эндоваскулярлық аорталық қақпақшаны импланттау бойынша операциялар жасай бастағаны туралы айтып берді (аорта қақпақшасын транскатетерлік импланттау (TAVI) – аорта қақпақшасын жасанды биологиялық ауыстырудың аз инвазивті заманауи тәсілі). Сонымен қатар, жүрек қызметінің кенеттен тоқтап қалу қаупі жоғары пациенттерге теріасты кардиовертер-дефибриллятор импланттау бойынша оперциялар жасалатындығын айтты.



«Мамандардың біліктілігі, дәрігерлер мен мейіргерлердің білімін көтеру, жақын және алыс шетелдің жетекші мамандардың қатысуымен мастер кластар өткізу, еліміздегі әріптестермен белсенді жұмыс жасау, клиниканың қажетті заманауи материалдық-техникалық жабдықталуы пациенттерге көрсетілетін көмектің сапасының жоғары болатындығын айқындайды», - деді клиниканың бірінші басшысы.



Алексей Владимирович анестезиология, реанимация және интенсивті терапия бөлімшесінде де болды. Ол институттың қызметкерлерімен кездесті. Медициналық ұйымдағы қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігінің ең беделді және объективті танылуы болып табылатын JCI аккредитациясын алғанымен құттықтай отырып, Министр: «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты - Қазақстандағы кардиологиялық қызмет пен ғылымның флагманы», деді. Ол, JCI-ды ескі медициналық мекемелерде алу өте қиын. Мен институттың дамуын, жаңартылғанын, материалдық-техникалық базасының жақсарғанын көріп тұрмын. Сіздердің ұжымдарыңыздың әлеуеті мол, институтта мықты кадрлар жұмыс істейді және сіздердің мүмкіндіктеріңіз зор, деп, ұжымға табыс тіледі.