Роза Қуанышбекова: әр дәрігер өзінің білімі мен біліктілігін, құзыреттілігі мен кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс


Симуляциялық білім беру орталықтарының әр білім алушыға өз бетінше талап етілетін процедураларды орындауға мүмкіндік беретін виртуалды және роботталған манекендерді пайдалана отырып, жас дәрігерлерді оқыту кезінде практикалық білімі мен дағдыларын меңгерудегі алатын орны зор. 



Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Роза Қуанышбекованың айтуынша, қазіргі кезде медицина қарқынды дамуда, дәрігердің жұмысы үнемі жаңа технологияларды, диагностика мен емдеудің жаңа әдістерін меңгеруді талап етеді.



«Симуляциялық технологияларды қолдану оқу үдерісін тиімді етуге мүмкіндік береді, нәтижеге пациенттерге, оқытышылар мен тыңдаушыларға қауіп төндірмей қол жеткізіледі, әсіресе пандемия кезінде. Бұл технологияларды қызметкерлердің біліктілігін арттыру процесіне енгізу - объективті қажеттілік», - дейді Роза Тоқтанәліқызы.



Институтта қызмет ететін жүрек-өкпе реанимациясы, интервенциялық кардиология және аритмология симуляция орталықтары, сондай-ақ гибридті зертхана резиденттер мен дәрігерлерге теориялық және практикалық дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді.



«Білім алушылардың Simbionix ANGIO Mentor Suite симуляторында эндоваскулярлық араласулардың дағдыларын меңгеруге мүмкіндіктері бар. Бұл - нақты уақыт режимінде рентгеноскопияның бақылауымен орындалатын эндоваскулярлық процедуралардың компьютерлік медициналық симуляторы. Ол ангиография, ангиопластика және стенттеу секілді эндоваскулярлық процедураларды жүргізудің жеке немесе командалық жаттықтыруын ұсынады», - дейді рентгеноэндоваскулярлық операция блогының меңгерушісі, интервенциялық кардиолог, рентгенхирург Алексей Колесников.



Жүйенің анатомиялық құрылымдарды шынайы 3D көрсету және  интервенциялық құралдарды пайдалана отырып процедураларды шынайы имитациялауға және тактильді сезімдер жасау қабілеті бар. Simbionix ANGIO Mentor коронарлық араласулардың негізгі дағдылары жөніндегі модульді қамтиды, онда жүрек тамырларын стенттеу кезіндегі асқынулар бойынша симуляциялық бағдарламалар, асқынулармен күресудің практикалық дағдыларын әзірлеу және жіті коронарлық синдром кезіндегі интервенциялық араласулар енгізілген.



Сонымен қатар, Дағдарыстарды зерттеу орталығының (Литва, Каунас қ.) қолдауымен құрылған гибридті зертхана қызмет жасайды. Дағдарыстарды зерттеу орталығы әзірлеген оқыту әдістемесі  білімді тез және тиімді таратуға, сондай-ақ қызметкерлердің практикалық дағдыларын практикада қолдануға мүмкіндік береді. Зертхана 7/24 жұмыс істей алады, бұл персоналға қолайлы уақытта зертханада жұмыс істеуге және практикалық дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.



Кардиология кафедрасының басшысы, м.ғ.к. Айсұлу Мұсағалиеваның айтуынша, барлық сабақтар бейнетаспаға жазылады, оларды нұсқаушы қарап отырады. Курс аяқталғаннан кейін қорытынды тапсырма беріледі, ол да бейнетаспаға жазылады және оны да нұсқаушы бағалайды.



Гибридті зертхананың базасында түрлі тақырыптар бойынша, мысалы «Жедел кардиологиялық көмек», «Мамандандырылған реанимациялық көмек», «Бастапқы бағалау және COVID-19 инфекциясы бар пациенттерді емдеу» және т.б. тақырыптағы курстар жүргізіледі.