2020 жылғы 29 қазанда Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында рентгенэндоваскулярлық операция жасау блогының меңгерушісі Алексей Колесников түрік әріптесі, профессор Эртугрул Окуянның жетекшілігімен жүре пайда болған жүрек кемістігі бар 75 және 80 жастағы пациенттерге эндоваскулярлық аорталық қақпақшаны импланттау бойынша 2 операция жасады.
Аорталық қақпақша стенозы, яғни жүре пайда болған жүрек кемістігіне негізінен егде жастағы адамдар шалдығады. Дәрі-дәрмек олардың жай-күйін аздап ғана жеңілдете алады. Пациенттерде көбінесе жанама аурулардың болуынан ашық жүрекке операция жасау кезінде қосымша қауіптер төніп, көп уақыт науқасты оңалтуға жұмсалады.
«Осы аз инвазивті операция жасау барысында жасанды қақпақша сан артериясы арқылы ауыстыру орнына жеткізіледі. Себебі бүкіл ағзаға қанды қайта айдау мен жеткізуге бір қақпақшаның шамасы келмей, адамға кенеттен қайтыс болу қаупі төнеді. Жасы 70-тен асқан пациенттерге біз осындай операция жасауды ұсынамыз, мұның оң нәтижелі болуы 95-100 пайызды құрайды, науқастың операциядан кейін жағдайы жақсарады», - деді Алексей Евгеньевич.
Имплантат ретінде биологиялық қақпақша қолданылады, ол орнатылғаннан кейін жеткізу жүйесі алынып, қақпақша жұмыс жасай бастайды. Импланттау рентген бақылаумен жүргізіледі. Пациент 3-4 күн бақылауда болып, үйіне жіберіледі.
Осындай екі операция Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ ағымдағы жылдың қыркүйек айында да жасалған. Жылдың соңына дейін тағы 6 операция жасау жоспарланып отыр.
Профессор Эртугрул Окуян қазақстандық әріптестерінің еңбегін, кәсіпқойлығын жоғары бағалағандығын айта кеткен жөн.