1988 жылдан бастап 31 мамырда жыл сайын Дүниежүзілік темекіден бас тарту күні аталып өтіледі. Темекінің зияны туралы профилактикалық жұмыстардың жүргізілуіне қарамастан, бұл тақырып әлі де өзектілігін жойған жоқ. Темекі жыл сайын 8 млн. астам адамның өліміне себеп болады, оның зиянды әсері ғылыми дәлелденіп отыр. Бұл қандай әсерлер? Темекі өкпенің қатерлі ісігі, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, демікпе, қанайналым жүйесі ауруларын: жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертония, қан тамыры ауруларын тудырады, сондай-ақ ағзаның инфекциямен күресу қабілетін төмендетіп, иммундық жүйеге кері әсер етеді. Пассивті темекі шегу де осындай әсер етеді.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ күндізгі стационарының терапевт дәрігері Гаухар Кожакееваның айтуынша, қазіргі уақытта темекі шегудің бір түрі – вейпинг кең таралып отыр. Көптеген адамдар ағзаларына зиянды әсердің қаупін азайтамын деп, электрондық сигаретке көшті. Бұл қателесу. Электрондық сигареттердің аэрозолінің құрамында никотин бар және ағзаның жасушаларына оның әсері жоғарыда көрсетілген ауруларды тудырады.
Қазақстанда Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, 2020 жылы халық арасында 15 және одан жоғары жастағы тұрғындар арасында темекі шегудің таралуы 18,3%: ер адамдар арасында -28,5%, әйелдер арасында - 8,5%, ауыл тұрғындарында - 19,1%, қалалықтарда - 17,6%-ды құрайды. Жоғарыда айтылып өткендей, денсаулыққа зиян тигізетін негізгі кері әсері және оның салдары еліміздің экономикалық дамуына жағымсыз ықпал етеді.
Әсіресе дүние жүзінің екі жыл бойы коронавирус пандемиясымен күресіп жатқан кезде. Пандемияның басында халық арасында темекі шегушілерде жұқтыру қаупінің аз болатындығы және жұқтырған жағдайда оның ағымының жеңіл болатындығы туралы жалған ақпарат таралып кетті.
Бұл шындыққа жанаспайды. Темекі түтінінің әсерінен темекі шегушілерде өкпе тіні зақымданып, иммунитеті төмендейді, сол себептен жіті респираторлық синдромның дамуы (SARS-CoV-2) керісінше жоғарылайды және сырқаттанғандарда аурудың өршуінің салдары ауыр тиеді. Мұны темекі шегу және COVID-19 арасындағы байланыс туралы зерттеу растайды. Қытайдың 552 ауруханаларынан COVID-19 инфекцияларының зертханалық талдауларының нәтижелері бойынша дәлелденген 1099 пациентте аурудың нәтижелері зерттелді. Зерттеулердің нәтижелері бойынша сол кезде темекі шеккен пациенттердің санынан 12,4%-ы қайтыс болған және қарқынды терапия бөлімшесіне емделуге жатқызылған немесе темекі шекпейтін пациентттердің санынан 4,7%-ымен салыстырғанда өкпенің жасанды вентиляциясына мұқтаж болғандығын анықтады. Сонымен қатар, темекі шегушілердің 21,2%-да темекі шекпейтін 14,5%-мен салыстырғанда ауру өте ауыр түрде өткен. Темекі шегу:
- аурудың даму қаупін арттырады;
- иммунитеттің төмендеуінің салдарынан ағзаның инфекцияға қарсы тұру қабілеті төмендейді;
- жүрек-тамыр асқынуларын тудырады және тромбоздар қаупін арттырады, мұның коронавирустық инфекция кезінде аса қауіпті болатындығы туралы қорытынды жасалды.
Жоғарыда айтылғандардың барлығын қорытындылай келе, темекі шегушілер өзінің болашағы туралы ойланып және денсаулығын сақтау үшін темекі шегуден бас тартуы қажет.