АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Өкпенің созылмалы обструктивті ауруының алдын алу барысында пневмококк инфекциясына қарсы вакцинация жүргізу маңызды. Бұл туралы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ профессоры, медицина ғылымдарының докторы Сауле Хасенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дәрігердің сөзінше, өкпенің созылмалы обструктивті ауруының - негізгі белгілері – ентігу, таңертеңгі жөтел және ақ немесе сары түсті қақырықтың шығуы. Ол 40 жастан асқан ағзасы осы ауруға бейім адамдарда пайда болады. «ӨСОА кезінде ең кішкентай бронхтар (бронхиолалар) және альвеолярлы қалқалар зақымдалады, бұл өкпенің құрылымдық зақымдалуына, тыныс алу мен газ алмасудың бұзылуына әкеліп соғады. Процесті тоқтату мүмкін емес, бірақ оны баяулатуға болады. Тыныс алу функциясын жақсарту үшін ингаляторлар немесе сұйық ерітінділермен небулайзерлік терапия түрінде бронхты кеңейтетін препараттар тағайындалады. Науқастар дәрігердің бақылауымен ұзақ уақыт емделеді. Бронхолитикалық терапияны үйде жеке небулайзер аппаратында жүргізуге болады»- дейді Сауле Хасенова. Айтуынша, егер ӨСОА-мен ауыратын науқаста жылына 2-ден астам аурудың асқынуы байқалса, науқастың қабылдайтын базистік терапиясын қайта қарап, ауруханаға жатқызу қажет. «Өкпенің созылмалы обструктивті ауруына шалдыққан науқастар асқыну жағдайларына байыппен қарап, уақтылы медициналық көмекке жүгінуі керек. Пульмонологқа жүгіну арқылы дұрыс ем алуына және аурудың асқынуына жол бермейді»,- дейді ол. Профессор ӨСОА профилактикасы қауіп факторларының әсерін азайтуға бағытталғанын атап өтті. Темекі шегуден саналы түрде бас тарту өкпе мен бронх функциясының қалыпты құрылымын сақтап қалуға көмектеседі. «Науқастарға вакцинопрофилактика жасау қажет. ӨСОА бар пациенттерге пневмококк инфекциясынан және тұмаудан жыл сайын вакцина жасау ұсынылады. Вакцина жасау кезінде пневмонияның даму қаупі, ӨСОА асқынуы, емделуге жатқызу және өлім жағдайы азаяды. Мамандандырылған медицина орталықтарында да, сонымен қатар өз бетінше үйде жасалатын өкпе реанимациясының мүмкіндіктері туралы да естен шығармау керек. Оған бронх тармағының дренажды қызметін жақсартуға бағытталған дұрыс таңдалған тыныс алу гимнастикасы, тыныс алу бұлшықеттерінің емдік массажы, емдеудің физиотерапевтік әдістері, саябақ аймақтарында серуендеу, оксигенотерапия және тыныс алу ағзаларын қалпына келтірудің басқа түрлері кіреді»- дейді Сауле Хасенова