Гүлнара ТӨЛЕПОВА: «Эпидемиолог мамандары – қоғам денсаулығының айнасы»

Гүлнара ТӨЛЕПОВА: «Эпидемиолог мамандары – қоғам денсаулығының айнасы»

https://qazaq1913.com/2025/03/04/g-lnara-t-lepova-jepidemiolog-mamandary-o-am-densauly-yny-ajnasy/

 Алматы қаласындағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының тарихы 1977 жылдан бастау алады. Осы 48 жылға жуық уақытта елдің барлық аймағынан келетін күрделі кардиологиялық, эндокринологиялық, ревматологиялық, аллергиялық, гастроэнтерологиялық сырқаттары бар науқастарға стационарлық көмек көрсететін республикадағы жетекші мекемеге айналды. Қазір бұл беделді мекемеде елімізге танымал, алыс және жақын шет елдерде тәжірибеден өткен, үлкен практикалық тәжірибесі бар мамандар жұмыс істейді.

Дәрігер – кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Медицина саласы адамның тамыры іспетті сан-саладан тұрады.

Еске сала кетейік, 2020 жылы әлемді алқымнан алған коронавирус салдарынан еліміз де қиын жағдайды бастан өткерді. Қаншама тағдыр жұқпалы дерттің құрбаны болды. Сол жылдан бері қарапайым халық эпидемиолог мамандардың қызметі мен маңыздылығын түсінді. Қоғам денсаулығын қорғау мен инфекциялық аурулардың алдын алуда эпидемиолог маманының рөлі ерекше. Бұл мамандық медицина мен қоғамдық денсаулық сақтау саласының маңызды бөлігі болып табылады. Эпидемиологтардың жұмысы тек ауру ошақтарын анықтаумен шектелмейді, олар инфекциялардың таралу жолдарын зерттеп, қауіп-қатер факторларын анықтап, алдын алу шараларын әзірлейді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз жоғары санатты эпидемиолог дәрігер, еліміздің денсаулық сақтау ісінің үздігі және медицинада 43 жыл бойы тер төгіп жүрген еңбек ардагері – Гүлнара Төлепова. Білікті дәрігер қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды саланың маманы Гүлнара Аппазқызын аз-кем әңгімеге тартқан едік.