Ұйқыдан тұрғанда жөтел қыса ма? Өкпе ауруларынан сақтану жолдары

Ұйқыдан тұрғанда жөтел қыса ма? Өкпе ауруларынан сақтану жолдары

https://informburo.kz/kaz/paydaly-kenes/uiqydan-turganda-zotel-qysa-ma-okpe-aurularynan-saqtanu-zoldary

Дәрігер аурудың алдын алу үшін пневмококк инфекциясына қарсы вакцина алуға кеңес береді.

Өкпенің созылмалы обструктивті ауруы – әлемде ең көп таралған тыныс алу ағзаларының созылмалы ауруы. Бүкіл дүниежүзінде өлім себебі болатын аурулар қатарында үшінші орында тұр. Бұл ауру 40 жастан асқан ағзасы осы ауруға бейім адамдарда дамиды. Алғашқы белгілері – қақырықты жөтел мен ентігу. ӨСОА темекі шегу, ауаның ластануы, еңбек және өндірістік процестерде зиянды факторлар, тыныс алу жолдарының инфекцияларының әсерінен пайда болады. Генетикалық бейімділік те маңызды орын алады. 

Сәуле Қасенова, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ профессоры:

– Негізгі белгілері – ентігу, таңғы жөтел, ақ не сары түсті қақырықтың шығуы. ӨСОА кезінде ең кішкентай бронхтар (бронхиолалар) және альвеолярлы қалқалар зақымдалады. Ол өкпенің құрылымдық зақымдалуына, тыныс алу мен газ алмасудың бұзылуына алып келеді. Бұл процесті тоқтату мүмкін емес, бірақ оны баяулатуға болады. Негізгі белгілері – ентігу, таңғы жөтел, ақ не сары түсті қақырықтың шығуы. Тыныс алу функциясын жақсарту үшін ингаляторлар немесе сұйық ерітінділермен небулайзерлік терапия түрінде бронхты кеңейтетін препараттар тағайындалады. Науқастар дәрігердің бақылауымен ұзақ уақыт емделеді. Үйде жеке небулайзер аппараты арқылы бронхолитикалық терапияны жасауға болады. 

Ең ауыр кезеңінде ауру қатты асқынып, науқаста жөтел мен ентігу күшейеді, іріңді қақырық шығады. Тыныс алуы қиындап, оттегінің сатурациясы 95%-дан төмендейді. Егер науқаста өкпенің созылмалы обструктивті ауруының асқынуы бір жылда екі реттен көп байқалса, науқастың қабылдайтын базистік терапиясын қайта қарап, ауруханаға жатқызу қажет. Науқастар уақтылы медициналық көмекке жүгінгені жөн. ӨСОА-мен ауыратын науқасқа дұрыс ем алып, аурудың асқынуына жол бермеу үшін пульмонологқа қаралуы керек.


Оқи отырыңыз: Пневмония белгілері қандай және қалай оның алдын алуға болады?


Профессордың айтуынша, ӨСОА алдын алу үшін темекі шегуден бас тарту, кейде кәсіп пен жұмыс орнын ауыстыру, сондай-ақ пневмококк инфекциясына қарсы вакцина алу маңызды. Екпе алған адамдарда пневмония мен ӨСОА өршуі, өлім қаупі айтарлықтай төмендейді. Ал өкпені оңалту үшін тыныс алу гимнастикасын, оттегі терапиясын жасап тұру қажет. ӨСОА-мен ауыратын науқастар ауру белгілерін өз бетінше бақылап, асқыну белгілері пайда болса дәрігерге уақытында барып, салауатты өмір салты ережелерін сақтауы керек.

2018 жылдан бастап Ауруларды басқару бағдарламасының ауруларды бақылау тобына өкпенің созылмалы обструктивті ауруы енгізілген. Маңызды бағдарламаның үйлестірушісі – Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты. Институтта білім алған дәрігерлер Алматы мен Астанадағы үш емханада пациенттермен пилоттық режимде жұмыс істейді. 

Covid-19 пандемиясы кезінде өкпенің созылмалы обструктивті ауруына шалдыққан пациенттер негізгі бронхолитикалық терапияны қабылдау мен ертерек пневмококкқа қарсы вакцина алудың арқасында коронавирус инфекциясын ауыр асқынуларсыз бастан өткерді. Бір рет салынатын вакцина 60 жастан асқан адамдарға ұсынылады және бұл өкпенің қабыну ауруларынан қорғайды.