Атопиялық дерматит - бүкіл әлемдегі миллиондаған адамдарға, әсіресе балаларға әсер ететін аллергиялық сипаттағы созылмалы қабыну тері ауруы.
Жыл сайын 14 қыркүйекте Дүниежүзілік атопиялық дерматитпен күрес күні бұл ауру туралы хабардар болу және одан зардап шеккендерге қолдау көрсету мақсатында атап өтіледі.
Ауру әдетте балалық шақта, көбінесе өмірдің алғашқы айларында басталады және өмір бойы жалғасуы мүмкін.
Негізгі симптомдары: терінің қатты қышуы, қызаруы және қабыршақтануы, сонымен қатар ауырсыну мен ұйқының бұзылуына әкелетін қабынулар.
Атопиялық дерматиттің нақты себептері толығымен анық емес, бірақ олар генетикалық, экологиялық және иммунологиялық факторлардың жиынтығын қамтиды деп саналады.
Атопиялық дерматит пациенттердің өмір сапасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Қышу мен қабыну көбінесе ұйқының бұзылуына, ашуланшақтыққа, тіпті депрессияға әкеледі. Сонымен қатар, үнемі қасыну тері инфекцияларына әкелуі мүмкін, бұл симптомдарды нашарлатады.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты Республикалық аллергология орталығының меңгерушісі Арай Батырбаеваның айтуынша, бүгінде атопиялық дерматитті емдеудің әртүрлі тәсілдері бар. Оларға жергілікті кортикостероидтар, кремдер, антигистаминдер және кейбір жағдайларда жүйелік препараттар жатады.
«Ерте диагностикалау мен емдеу симптомдарды айтарлықтай жеңілдетеді және терінің күйін жақсартады», - дейді дәрігер.
Дүниежүзілік атопиялық дерматит күні - бұл проблема туралы хабардар болу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар осы сырқаттан зардап шеккендер үшін ауруын жеңілдету мүмкіндігі.
Республикалық аллергологиялық орталықта білікті аллергологтардың консультациясы, аллергиялық ауруларды диагностикалау және емдеу жұмыстары жүргізіледі. Пациенттерді қабылдау күн сайын міндетті медициналық сақтандыру аясында және ақылы негізде Әйтеке би көшесі, 120/1 үйде және Пятницкий көшесі, 52 үйде сағат 8:00-ден 17:00-ге дейін жүргізіледі. Дәрігердің қабылдауына 233-00-90, 309-08-99 телефондары арқылы жазылуға болады.