2023 жылы КІАҒЗИ-да 8083 науқас емделіп, 3181 пациентке операция жасалды

2023 жылы КІАҒЗИ-да 8083 науқас емделіп, 3181 пациентке операция жасалды

Бүгін Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Марат Пашимов ұжым алдында 2023 жылдың қорытындысы мен алдағы кезеңге арналған жоспар туралы баяндады.

Клиника ел тұрғындарына жоғары технологиялық, мамандандырылған, стационарды алмастыратын, консультациялық-диагностикалық медициналық көмек көрсетеді. Институт ғылыми-зерттеу және білім беру қызметімен айналысады. Институттың мамандары өңірлік медициналық ұйымдарға ұйымдастырушылық, әдістемелік және практикалық көмек көрсетіп, денсаулық сақтау саласы бойынша сараптама жүргізеді.

2023 жылы институт 5 жыл мерзімге институционалдық аккредиттеу және 5 резидентура мамандығы бойынша мамандандырылған аккредиттеу сертификаттарын алды. Стратегиялық серіктестік аясында Томск ұлттық ғылыми медициналық орталығының Кардиология ғылыми-зерттеу институтымен (Ресей), Каунас қ. (Литва) дағдарысты зерттеу орталығымен, «Сунчонхян» университетінің медициналық орталығымен (Оңтүстік Корея), Нагасаки медициналық орталығы, Омура (Жапония) және Қазан мемлекеттік медицина университетімен ынтымақтасады.

Егер 2022 жылы клиникада 7637 науқас емделсе, 2023 жылы – 8083 (446-ға артық) пациент емделді. Бұл эндокриндік, қан айналымы, тыныс алу, ас қорыту, сүйек-бұлшықет жүйелері және дәнекер тіндері, несеп-жыныс жүйесі аурулары, туа біткен ауытқулары бар науқастар, жүкті әйелдер және т.б. 3181 операция жасалды (аритмологиялық араласулар – 994, 2022 жылы – 923 (71-ге артық), кардиохирургия – 376, 2022 жылы – 359 және т.б.).

Ғылыми қызмет аясында институт ғалымдарының 27 мақаласы халықаралық журналдарда жарияланды, оның 10-ы THOMSON REUTERS, SCOPUS тізіміне енгізілген журналдарда, 21 баяндама халықаралық конгрестерде, ғылыми-тәжірибелік конференцияларда жасалды, өнертабысқа 2 патент берілді.

2023 жылы жетекші шетелдік мамандар мен ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлерінің қатысуымен 22 шеберлік сыныбы өткізілді.

Институт басшылығымен материалдық-техникалық базаны жақсартуға көңіл бөлінді. 2023 жылы 3D визуализация мен КТ перфузиясы бар толық кардиологиялық пакетті премиум-компьютерлік томограф; 2 сарапшылық класты УДЗ, портативті УДЗ аппараты; оттегі станциясы; төсек жанындағы мониторлар; өкпені жасанды желдету аппараттары; функционалды кереуеттер; Холтер, қан қысымы мен ЭКГ бақылау жүйелері және реанимацияға арналған жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Қабылдау бөлімі, ғимараттың қасбеті, клиникалық диагностикалық зертхана, ақылы соматикалық бөлімше, конференц-зал және 1 терапия бөлімшесінде жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Биыл институт жоғары сапа стандартына – JCI және ұлттық аккредитацияның жоғары санатына сәйкестігін қайта растауы керек. Терапиялық құрал-жабдықтарға басымдық бере отырып, материалдық-техникалық базаны одан әрі жақсартуға жіті назар аударылады; оқытуға баса назар аудара отырып, кадр әлеуетін күшейту; жаңа емдеу әдістерін енгізу және ЖTМК көлемін арттыру. Үздік тәжірибе орталықтарын (орфандық патология, эндокринология және т.б.) ашу, медициналық жоғары оқу орындарының түлектері мен жас дәрігерлерді мақсатты резидентураға қабылдау үшін клиникалық мамандықтар тізімін кеңейту жоспарлануда.

Жүргізілген жұмыстардың барлығы медициналық қызметтердің ашықтығын, қолжетімділігін және сапасын арттыруға бағытталған.