Емдеудің сәтті нәтижесі дәрігерлердің кәсіби шеберлігіне байланысты, бірақ медициналық ұйымдағы тазалық, пациентке жасалған қолайлы жағдайлар оның емделуге деген ұстанымына да әсер етеді.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының құрамындағы маңызды бөлімше болып табылатын консультациялық-диагностикалық орталығында қысқа мерзімде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимарат заман талабына сай жабдықталды. Келушілер үшін ыңғайлы орындар және т.б. қарастырылған.
КДО жағдайында амбулаториялық қабылдауда науқастың шағымдары тыңдалады, бастапқы құжаттар ресімделеді, қажетті диагностикалық, консультациялық және емдік көмек қамтамасыз етіледі.
Консультациялық-диагностикалық орталық Қазақстан өңірлерінің тұрғындарына ұлттық және халықаралық стандарттар деңгейінде медициналық көмек көрсету үшін заманауи емдеу-диагностикалық жабдықтармен жабдықталған. Мұнда кардиология, кардиохирургия, аритмология, гастроэнтерология, эндокринология, ревматология, пульмонология, гепатология және нефрология бойынша кешенді тексеруден өтуге болады. Пациенттерді медицина ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, мол тәжірибесі бар жоғары санатты дәрігерлер қабылдайды.
Қабылдауды кардиологтар, гастроэнтерологтар, невропатологтар, ревматологтар және басқа да бейінді мамандар жүргізетіндіктен, КТ, МРТ, ультрадыбыстық зерттеу сияқты диагностикалық қызметтер қолжетімді болғандықтан, жоғары технологиялық және мамандандырылған медициналық көмектің барлық спектрі көрсетілетіндіктен, халықтың келуі артып отыр. Аш ішектің МР-энтерографиясы жасалады. Алматыда жүректі МРТ зерттеуі тек Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да жүргізіледі. Сонымен қатар, диагноз қою қиынға соғатын ауруларға шалдыққан науқастар үшін толық кардиопакеті және 3d бейнелеуі бар ең заманауи премиум КТ аппараты қолжетімді. Мұндай бірегей соңғы буын аппаратында зерттеу Алматыда тек КІАҒЗИ-да жүргізіледі.
2023 жылдың 1 тоқсанында 167 КТ зерттеуі жүргізілген болса, 2024 жылдың осы кезеңінде – 882 зерттеу жүргізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 715 зерттеуге артық. Сондай-ақ, осы жылдың 3 айында 511 МРТ зерттеуі жүргізілді.