Ағымдағы жылдың 25 шілде мен 19 тамыз аралығында Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының аритмологтары күрделі диагнозы бар науқастарға 130-дан астам операция жасады.
Бұл жүректің кенеттен тоқтап қалу қаупі жоғары науқастарға әртүрлі жүрек ырғағының бұзылуының радиожиілік абляциясы, кардиостимуляторды, кардиовертер-дефибрилляторды имплантациялау, кардиоресинхронизациялық терапия жасау.
Хирургиялық араласулар өз бетінше де, Іргелі және трансляциялық медицина федералды ғылыми орталығының (Ресей), жетекші қызметкері, м.ғ.д. Сергей Артеменконың жетекшілігімен де жүргізілді.
Науқастардың бірі, 79 жастағы алматылық Анатолий Алексейцевке 8 жыл бұрын радиожиілік абляция жасалған, бірақ соңғы уақытта ол бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылатын әлсіздік пен ентігуге ұшырап, қан қысымының 180-ге көтерілетінін, коронавирустық инфекциядан кейін ұстамалар күшейіп, ұзарғанын айтты.
Клиниканың дәрігерлері жүрекшелердің пароксизмальды фибрилляциясын және басқа да ауруларды анықтап, операция жасатуға кеңес берді. Оның барысында жүрек ырғағының бұзылуы жойылды.
«Хирургиялық араласу арнайы навигациялық жүйені қолдану арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйе рентген сәулелерін қолданбай –ақ аритмияның көзін табуға және радиожиілік энергияның көмегімен аритмия ошағын жоғары дәлдікпен жоюға мұмкіндік береді», - дейді ҒЗИ рентгенэндоваскулярлық операция блокының аритмолог дәрігері Артур Әбдімомынов.
Дәрігердің айтуынша, жүрекшелердің фибрилляциясы - жүрек ырғағының ең көп таралған бұзылуы. Жүрекшелердің фибрилляциясы кезінде жүрек қуыстарында қан ұйып, ол миды және басқа да өмірлік маңызды органдарды көректендіретін артерияларды бітеп тастауы мүмкін. Сондықтан мұндай науқастарды осы аритмияның жағымсыз салдарынан қорғау керек.
Қазір науқас өзін жақсы сезінеді және ауруханадан шығуға дайындалып жатыр. Анатолий Дмитриевич дәрігерлерге алғысын білдіріп, атап өткендей, ол өзін қайта өмірге келгендей сезінеді.