Бүгін Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да С.Асфендияров ат. ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов, клиниканың директорлар кеңесінің төрайымы - тәуелсіз директоры Айткүл Самакова және т.б. қатысуымен клиниканың қабылдау бөлімшесі ашылды.
Кеңестік театр режиссері Константин Станиславский «Театр ілгіштен басталады» деген. Бұл бірінші әсердің тұтас нәрсені қабылдау үшін үлкен маңызы бар дегенді білдіреді.
Сондай-ақ, қабылдау бөлімі - кез-келген стационардың «бет-бейнесі», пациенттің клиникаға түскен сәтінен бастап кездесетін ең маңызды және алғашқы бөлімшелердің бірі. Сондықтан, қызметкерлердің көзқарасы, сыртқы келбеті ғана емес, сонымен қатар бөлімдегі тазалық пен жайлылық медициналық ұйым туралы алғашқы әсер қалдырады және тіпті сәтті емделуге деген жалпы көзқарасты қалыптастырып, көңіл-күйді көтереді.
«Институт кардиологиялық, терапевтік науқастарды емдеу саласындағы - жетекші орталықтардың бірі, олар: гастроэнтерология, эндокринология және басқа да ішкі аурулар. 2021 жылы клиника сапа кепілдігінің алтын стандарты болып есептелетін халықаралық деңгейде мойындалған JCI аккредитациясынан өтіп, сертификат алды», - деді университет ректоры Марат Шоранов.
Оның айтуынша, қайта жөндеу жұмыстары 1000 шаршы метр аумақта жүргізілді. Соның ішінде пациенттер үшін ыңғайлы күту орны, электронды кезек және триаж сұрыптау принципі бойынша науқастарды бөлу жүйесі іске асырылды.
ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов: «Пациенттің сауығуға деген психологиялық көзқарасы қабылдау бөлімшесінде оны қалай қарсы алғандығына, персоналдың іс-әрекетінің үйлесімділігіне, жылдамдығына байланысты», - деп атап өтті.
«Біздің пациенттеріміз - еліміздің өңірлерінен келетін созылмалы аурулары бар көп жылдар бойы ауырып жүрген адамдар, олардың көпшілігі бізде емделгісі келеді, сондықтан қабылдау бөлімінде кейде кезектер болатыны заңдылық. Әрине, кезекті күту жағымсыз эмоциялар тудырады, тек науқастар үшін ғана емес, тіпті сау адамдар үшін де кезек күту – қолайсыз.
Біз жаңа жүйеге - науқастар ағынын тез және дәл таратуға мүмкіндік беретін электрондық кезекке көштік. Электрондық кезек талонын алып, бір мезгілде кезегін таблода көріп, пациент жайлы жағдайда ресімделуін күтеді», - дейді Марат Орынбасарұлы.
Триаж жүйесі енгізілді. Ол келген науқастарды санаттарға бөлуді қамтиды: жоспарлы, өздігінен келген және т.б. Әлемдік стандарттарға сәйкес, науқастарға түрлі түсті арнайы таңбалау білезіктері беріледі, олар дәрігерлерге науқастың жағдайы туралы ақпарат береді. Бұл инновациялар дәрігерлерге келген науқастарға жылдам әрі сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай жасалған. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған арбамен олар ғимаратқа емін-еркін кіріп, ішінде де емін-еркін жүре алады.
Науқас клиникада жасалып жатқан барлық істердің ортасында. Интитуттың ұжымы да осындай жаңалықтарға дән риза. Әкімшілік, дәрігерлер, мейіргерлер, кіші қызметкерлер уақытының көп бөлігін жұмыста өткізеді, ал жақсы еңбек жағдайлары, ыңғайлы жұмыс орны қызметкерлердің ынтасын, өнімділігін және жұмыстың тиімділігін арттырады.