Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басшылығының шақыруымен, жақын және алыс шетелдің жетекші мдицина орталықтарымен ынтымақтастық аясында Алматы қаласына «University Medical Center» корпоративтік қорының Басқарма төрағасы Юрий Пя келді.
Созылмалы жүрек қызметі жеткіліксіздігі - жүрек-қан тамырлары ауруларының жиі кездесетін асқынуларының бірі, сонымен қатар өмір сапасының төмендеуінің және өлім көрсеткішінің жоғарылауының басты себептерінің бірі.
Бірегей операция сенбі күні – 1 маусымда 29 жасында миокард инфарктін өткерген 43 жастағы пациентке КІАҒЗИ-да жасалды. Науқас тұрғылықты жері бойынша кардиологтың есебінде тұрған, мүгедектік берілген. Соңғы 2-3 жыл ішінде жағдайы нашарлаған, аз физикалық белсенділікте ентігу пайда болған. Эхокардиография деректері бойынша жүректің шығару фракциясы небәрі 18% құрады. Жүректің сол жақ бөліктерінің айқын дилатациясы. Қолқа қақпақшасының айқын жеткіліксіздігі. Акинезия, яғни сол жақ қарыншаның барлық сегменттерінің жүрек бұлшықеті жиырылуының болмауы.
Сол жақ байламның толық блокадасын - жүректің өткізгіш жүйесінің патологиясын ескере отырып, пациентке алдымен кардиовертер - дефибриллятор (CRT-D) функциясы бар кардиоресинхронды құрылғы имплантацияланды. Ишемиялық кардиомиопатия, коронарлық артериялардың көп тамырлы стенозы диагнозы қойылды.
Аурудың ұзақтығын және қолайсыз болжамды ескере отырып, консилиум LVAD және аорталық қақпақшаны имплантациялау туралы шешім қабылдады. Операцияның бірегейлігі - құрылғы мен баллонмен кеңейтілетін аорта қақпақшасы бір уақытта имплантацияланды. Бұл әдісті әлемде тұңғыш рет Юрий Пя енгізіп, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының мамандар тобымен бірге жасаған.
Тікелей Юрий Владимировичтің қатысуымен ашық жүректе биологиялық клапан имплантацияланды. Одан әрі институттың кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев пен кардиохирург Жанар Нұрбай бастаған кардиохирургтар бригадасы LVAD Heart Mate 3 имплантациясын орындады. Бұл әдістің арқасында мұндай операциялардың уақыты азайды.
Науқас 2-ші күн реанимация бөлімшесінде жатыр, жағдайы жақсарғаны байқалады. Гемодинамикалық тұрақты. Бөлімшеге ауыстыру жоспарлануда. Бұл әдіс тамаша нәтиже көрсетті және қолқа клапанының ілеспе патологиясы болған кезде LVAD имплантациясымен бірге қолқа клапанын тез және сапалы протездеуге мүмкіндік береді.