Алматы қаласында еліміздегі ІҚА, ҚІС емдеу және нутритивтік түзету бойынша алғашқы мамандандырылған орталық ашылды

Алматы қаласында еліміздегі ІҚА, ҚІС емдеу және нутритивтік түзету бойынша алғашқы мамандандырылған орталық ашылды

 

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ базасында еліміздегі ішектің қабыну ауруларын (IҚА), қысқа ішек синдромын (ҚІС) емдеу және нутритивтік түзету жөніндегі алғашқы мамандандырылған орталық ашылды.
Ішектің қабыну аурулары, соның ішінде Крон ауруы және ойық жаралы колит бүкіл әлемде кең таралған. Табысы жоғары АҚШ пен Еуропа елдерінде 6 миллионға жуық адам ішектің қабыну ауруларынан зардап шегеді. Жағдайлардың саны дамушы аймақтарда, соның ішінде бұрын бұл аурулар салыстырмалы түрде төмен болған Азияда да өсуде. Қазақстанда да ІҚА таралуы артып келеді. Қазақстанда әрбір 100 мың адамға шамамен 5-10 ІҚА жағдайы келеді және бұл көрсеткіш, әсіресе диагностиканың жақсаруын және аурулар туралы хабардарлықтың артуын ескере отырып, әлі де өсуі мүмкін.
Қысқа ішек синдромы - сирек кездесетін, бірақ ауыр ауру, әдетте жарақаттар, аурулар немесе Крон ауруы сияқты ІҚА асқынулары салдарынан аш ішектің маңызды бөліктерін хирургиялық кесуден кейін пайда болады. Әлемде ҚІС таралуы млн. адамға шаққанда 1-9 жағдай ретінде бағаланады. Бүгінгі таңда елімізде қысқа ішек синдромына шалдыққан науқастардың бірыңғай статистикасы жоқ, өйткені ҚІС диагнозы жоғары мамандандырылған орталықтар жағдайында күрделі диагностиканы қажет етеді.
Ішектің қабыну аурулары мен қысқа ішек синдромы ұлттық денсаулық сақтау үшін үлкен сынақ, ол жан-жақты шешімді және жақсы дайындалған көпсалалы топтың үйлесімді жұмысын талап етеді. Орталық жоғары сапалы диагностиканы, заманауи емдеу бағдарламаларын және психикалық-әлеуметтік қолдаумен қатар, пациенттердің осы санатына мамандандырылған көмек көрсетеді. Негізгі бағыттардың бірі -клиникалық тамақтану (оның ішінде энтеральді және парентеральді тамақтану) мәселелері бойынша консультациялық көмекті қамтитын нутритивтік түзету.
«Орталықтың негізгі міндеттері - ІҚА және ҚІС пациенттерінің өмір сүру сапасын арттыру, сондай-ақ болжамды жақсарту және ықтимал асқынулардың алдын алу. Біздің орталықтың бірегейлігі - диагностика үшін заманауи технологиялардың және терапияның үлкен арсеналының болуында ғана емес, сонымен қатар пациенттерге оңалту және емдеу үшін қызметтердің толық спектрін алуға мүмкіндік беретін көпсалалы топтың болуында. Біз әрбір пациентке сапалы көмек, сондай - ақ толыққанды өмірге оралу үшін қажетті қолдау беруге дайынбыз», - деп ойымен бөлісті Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасының ғылыми-клиникалық және инновациялық қызмет жөніндегі орынбасары Жамиля Кайбуллаева.
ІҚА, ҚІС және нутритивтік түзету орталығының басшысы, гастроэнтеролог, колопроктолог Иса Мұсатаев атап өткендей: «Орталықтың ашылуы - бұл көпжылдық жұмыстың және ішектің қабыну аурулары мен қысқа ішек синдромы бар науқастардың қажеттіліктерін терең түсінудің нәтижесі».
ІҚА, ҚІС және нутритивтік түзету бойынша мамандандырылған орталық білікті көмекке мұқтаждар үшін ашық.