Дүние жүзінде 26 миллион адам жүрек функциясының жеткіліксіздігінен зардап шегеді, бұл адамдардың 20%-да дамиды. Жыл сайын жүрек функциясының жеткіліксіздігіне байланысты 1 млн. адам ауруханаға жатқызылады.
Жүрек функциясының жеткіліксіздігі – бұл созылмалы прогрессивті жағдай, жүрек бұлшықеті ағзаның қан мен оттегіге қажеттілігін қанағаттандыру үшін жеткілікті мөлшерде қан айдай алмайды. Науқасты ентігу мен кеуденің қысылуы, аяқтың ісінуі және бүйрек проблемалары мазалайды. Мұның бәрі өлімге әкелуі мүмкін.
Созылмалы жүрек функциясының жеткіліксіздігі (СЖЖ), қатерлі ісіктен кейін, өлімнің негізгі себебі болып табылады. LVAD имплантациясы (left ventricular assist device) - ауыр СЖЖ диагнозымен науқастарды емдеудің жаңа кезеңі.
Алматыда алғаш рет Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да 60 жастағы пациентке LVAD - сол жақ қарыншаның механикалық қосалқы құрылғысы имплантацияланды.
«Имплантацияланатын жүрек сорғысы жүрекке қанды бүкіл ағзамен айдауға көмектеседі және СЖЖ белгілерін жеңілдетеді. Кейбір науқастар үшін бұл өмірді ұзартудың жалғыз мүмкіндігі», - дейді ҒЗИ Басқарма төрағасы, м.ғ.д., профессор Роза Қуанышбекова.
Клиниканың бірінші басшысының айтуынша, екі түтігі бар, біреуі қолқаға, екіншісі жүректің сол жақ қарыншасына қосылған шағын сорғы сол жақ қарыншаның қызметін атқарады. LVAD ұзағырақ өмір сүруге, бұрынғы өмір салтына оралуға және өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Жасанды жүрегі бар науқастың басқа адамдардан айырмашылығы – оның тамыр соғысы болмайды.
«Бұл операцияны біздің клиниканың кардиохирургтары Астана қаласындағы Ұлттық кардиохирургиялық ғылыми орталықтағы әріптестерімен бірлесіп жасады. Біз жүрекке жоғары технологиялық операциялардың барлық түрлерін жасаймыз. Келешекте жүрек патологиясын емдеудің жаңа заманауи әдістерін ұлғайтуды және одан әрі енгізуді жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті Роза Тохтанәлиқызы.
«Көмекші механикалық құрылғыны имплантациялауға көрсеткіштер – бұл шунттау, клапандарды протездеу, кардиостимуляторды имплантациялау немесе дәрі - дәрмекпен емдеу сияқты басқа емдеу түрлері көмектесе алмайтын жүрек ауруының ауыр немесе терминалдық сатысындағы пациенттер», - деп түсіндірді ҒЗИ кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев.
Алматы облысының 60 жастағы тұрғыны Ғаппар Қалиев дилатациялық кардиомиопатиямен, пароксизмальды қайталанатын қарыншалық тахикардиямен, тек 23% шығарылым фракциясымен созылмалы жүрек функциясының жеткіліксіздігі сырқатымен зардап шеккен. 2020 жылы оған кардиовертер-дефибриллятор имплантацияланған. Оны қосымша аурулар мен предиабетте мазалаған. Операция сәтті өтті. Қазір ол өзін жақсы сезінеді: аяқтың ісінуі, ентігу, бас ауруы басылды, ұйықтайтын болдым - дәрігерлерге алғысым шексіз», – дейді пациент.
Операциядан кейін отбасының қолдауы мен көмегі өте қажет, пациенттің өзі және оның туғандары күнделікті дәрі-дәрмек пен тұрақты медициналық күтімді қамтитын ережелерді қатаң сақтауы керектігін айта кеткен жөн.
Қазақстанда Жүректі механикалық қолдау бағдарламасы Астана қаласындағы Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығында енгізілген.
Енді LVAD имплантациясы оңтүстік астанада да жасалады.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басшылығының күш салуы нәтижесінде клиниканың кардиохирургтары әріптестерінен кардиохирургиялық пациенттерге LVAD имплантациясын жасау тәжірибесін алу мақсатында елдегі және шетелдегі үздік клиникаларда білімін жетілдірді.