Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да Тараз, Қарағанды, Алматы қалаларының және басқа өңірлердің дәрігерлері үшін аритмология саласындағы халықаралық деңгейде мойындалған маман, Польша, Вроцлав медициналық университетінің профессоры Яцек Гаектің қатысуымен оқыту шеберлік сыныбы өтті. Шеберлік сынып барысында толық атриовентрикулярлық блокадасы бар, яғни жүрек ырғағының бұзылуына әкелетін кардиопатологиясы бар 5 пациентке операция жасалды. Ең үлкен пациент 66 жаста, ал ең жас пациент бар-жоғы 23 жаста.
Мәселен, толық АВ блокадасы, Гис будасы оң аяғының толық блокадасы диагнозы қойылған 58 жастағы науқаста әлсіздік, бас айналу, ентігу, қан қысымының жоғарылауы, жиі бас ауруы сияқты белгілері болды. Туа біткен жүрек ақауы бар Гис будасының сол және оң жақ аяқтарының толық блокадасына шалдыққан 23 жастағы науқасты да үнемі бастың айналуы, ентігу және тез шаршау сияқты белгілер мазалаған.
АВ блокадасының асқынған ағымы кенеттен жүрек өліміне әкелуі мүмкін екендігін атап өткен жөн.
«Біз жаңа технологияларды енгізу арқылы заманауи медициналық үрдістер мен стандарттарды ұстануға тырысамыз. Мамандарымызды жақын және алыс шет елдердегі түрлі шеберлік сабақтарына жібере отырып оқытамыз, үздік дәрігерлеріміз өз әріптестерін біздің институтта және өңірлерге барып оқытады. Демонстрациялық операцияларын жүргізумен тәжірибе алмасу мамандарға кәсіби қызметте қажетті білімдері мен дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов.
Польшадан келген профессор Яцек Гиек атап өткендей, Гис будасын стимуляциялау бойынша операция жүрек жеткіліксіздігі бар науқастар үшін тиімді. Дәрігердің мұндай операцияларды жасауда үлкен тәжірибесі бар.
«Мен Қазақстанға операцияға шақырту алғаныма өте ризамын. Бұл менің 2-ші сапарым, және менің тәжірибем мен қосымша оқыту Қазақстандық дәрігерлерге осы техниканы енгізуге көмектеседі деп сенемін. Бұл әдіс жүрек жеткіліксіздігі бар науқастар үшін өте тиімді. Араласудан кейін пациент қосымша дәрі - дәрмек терапиясын қажет ететін ілеспе патология болмаған жағдайда келесі күні ауруханадан шығарыла берсе болады», - дейді профессор.
Жүрек ырғағы мен өткізгіштігінің бұзылуы бөлімшесінің меңгерушісі Бағдат Ахыттың айтуынша, өткізгіш жүйе бойынша ынталандыру қарыншааралық диссинхрония мәселелерін шешуге, жүректің екі қарыншасын да дәлірек және синхронды түрде белсендіруге мүмкіндік береді, бұл пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартады. Бұл әдіс әдеттегі оң қарыншалық ынталандыруға қарағанда әлдеқайда тиімдірек.
«Жүректің өткізгіш жүйесіне ынталандырушы электродтарды имплантациялау пациентке жүрек жеткіліксіздігінің дамуын болдырмауға мүмкіндік береді. Операция кезінде тәуекелдер аз, өйткені біз жоғары технологиялық жабдықты қолданамыз, әр пациент үшін шығын материалдарының үлкен спектрін жеке таңдаймыз», - деді КжІАҒЗИ аритмологиялық қызметінің аға ординаторы Артур Абдымомунов.
Ол кардиостимулятор тәулік бойы жұмыс істейтінін, жүректі ынталандыратынын және жүрек соғу жиілігі шекті деңгейден төмендеген кезде қажеттілік бойынша қосылатынын атап өтті. Бұл жүректің қалыпты жұмысына мүмкіндігінше жақын физиологиялық ынталандыруға мүмкіндік береді. 12-13 жылдан кейін пациентке құрылғыны ауыстыру қажет болуы мүмкін, бірақ осы уақыт ішінде адам өзінің әдеттегі өмір салтына оралып, тіпті өзінің режиміне спорттық жүктемелерді қосып, ешқандай шектеусіз өмір сүре алады.
Айта кетсек, операция МӘМС шеңберінде жүргізілді, барлық көмек қор қаражаты есебінен көрсетіледі және пациенттер үшін тегін.