16-17 мамырда Алматыда Дүниежүзілік ішектің қабыну аурулары (ІҚА) күніне орай Ішектің қабыну аурулары бойынша VIII Ұлттық форум өтті.
Крон ауруы және ойық жаралы колит сияқты ішектің қабыну аурулары бүкіл әлемде маңызды медициналық проблема болып табылады. Бүгінгі таңда жаһандық деңгейде ІҚА 10 миллионнан астам адам зардап шегеді, және де бұл көрсеткіш соңғы жылдары артып келеді. Қазақстанда да ІҚА сырқаттану санының өсуі байқалады. Егер 2018 жылы елімізде Крон ауруы (КА) бар 555 адам және ойық жаралы колитпен (ОЖК) 2 218 адам тіркелген болса, 2023 жылы ІҚА-мен ауыратын науқастардың саны күрт өсті: 1 631 - КА, 7 305 – ОЖК. Өкінішке орай, балалар мен жасөспірімдерде де ішектің қабыну аурулары диагнозы жиі қойылады.
ІҚА проблемасы аурудың ауырлығына, асқынулардың жоғары жиілігіне және өлім қаупіне байланысты өзекті болып табылады. Кеш диагноз рецидивтердің өсуіне және күрделі операциялардың қажеттілігіне әкеледі, бұл еңбекке қабілетті жастағы тұрғындар арасында мүгедектік мәселесін арттырады.
ІҚА Ұлттық форумы жыл сайын әр түрлі медициналық мамандықтар бойынша Қазақстан мен шетелдің жетекші сарапшыларын біріктіріп, ІҚА диагностикасы мен емдеудегі озық тәсілдер мен жетістіктерді талқылап, тәжірибе алмасады. Биылғы жылы пациенттердің өмір сүру сапасын едәуір жақсартатын және елдің денсаулық сақтау жүйесіне экономикалық жүктемені төмендететін ерте диагностика және емдеудегі жеке тәсіл мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Бір алаңда әртүрлі медициналық мамандықтардың үйлесуі бізге ІҚА мәселелерін әртүрлі тұрғыдан талқылауға және оларды диагностикалау, емдеу және оңалтудың кешенді тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік береді. Медицинаның әр сала мамандары арасында бұл тәжірибе мен білім алмасу бізге проблеманы жете түсінуімізге және ішектің қабыну ауруларымен күресудің тиімді жолдарын әзірлеуге ықпал етеді», – деп атап өтті м.ғ.к., КІАҒЗИ Басқарма төрағасының орынбасары, Ішекті зерттеу жөніндегі Қазақ ғылыми қоғамының төрайымы Жамиля Қайбуллаева.
Ішектің қабыну аурулары - бұл генетикалық бейімділікке негізделген аурулар, ал оған дұрыс емес «тез» тамақтану, темекі шегу, қозғалыссыз өмір салты, антибиотиктерді бақылаусыз қабылдау және басқа да жағымсыз факторларды қамтитын зиянды өмір салты қоздырғыш бола алады. Ойық жаралы колит пен Крон ауруы кез-келген жаста болуы мүмкін, бірақ әлемдік көрсеткіш бойынша еңбекке қабілетті адамдар, балалар мен жасөспірімдер арасында жиі кездесіп отыр. Асқынған кезеңдерді емдеу денсаулық сақтау жүйесіне ауырлық түсіреді.