Алматыда кардиологтардың, терапевттердің, жалпы тәжірибелік дәрігерлердің, аритмологтардың және интервенциялық кардиологтардың қатысуымен Қазақстан кардиологтарының XVI конгресі өтті. Іс-шараның мақсаты: кардиология саласындағы қазақстандық және шетелдік мамандардың жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалау, емдеу және алдын алу бойынша тәжірибе алмасу.
Конгресс барысында жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалау және емдеу бойынша жаңа халықаралық ұсынымдар ұсынылды, кардиологиядағы пәнаралық аспектілер және басқа да көптеген мәселелер талқыланды. Италиядан, Германиядан, Сербиядан, Испаниядан, Ресейден, Армениядан, Украинадан, Грузиядан, Қырғызстаннан және Беларусь Республикасынан келген жетекші шетелдік және қазақстандық мамандар жүрек ауруларын диагностикалау мен емдеудегі соңғы тәсілдермен, ғылыми зерттеулердің деректерімен таныстырды.
«Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да еліміздің барлық аймақтарынан жүрек және басқа да ішкі ағзалардың күрделі аурулары бар науқастарға ең заманауи медициналық көмектің барлық түрлері көрсетіледі. Біз ғылыми зерттеулері халықаралық аренада мойындалып, әлемдік кардиология ғылымына елеулі үлес қосып келе жатқан қазақстандық ғалымдарымыз бен дәрігерлерімізді мақтан тұтамыз», - деп атап өтті өз сөзінде институттың басқарма төрағасы Марат Пашимов.
Қазақстан кардиологтары қауымдастығының президенті Сәлім Беркінбаевтың айтуынша, жүрек-қан тамырлары аурулары әлемде өлім-жітімнің басты себебі болып отыр. 2023 жылдың соңында жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім 100 мың халыққа шаққанда 143-ті құрады. 2023 жылы 100 мың халыққа шаққанда 2785-ке жеткен жүрек-қан тамырлары ауруларының өсуі жалғасуда.
Осыған байланысты, жүрек-қан тамырлары аурулары мен сырқаттанушылықты одан әрі төмендетуді қамтамасыз ету үшін кардиологиялық, интервенциялық кардиологиялық, аритмологиялық және кардиохирургиялық көмекті жетілдіру бойынша жұмысты одан әрі жалғастыру қажет.
Шара аясында дәстүрлі түрде жас ғалымдар байқауы, үшінші рет қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың кардиолог-резиденттердің арасында байқау өткізілді. КІАҒЗИ кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев кардиология және кардиохирургия саласындағы қызметі үшін Қазақстан кардиологтар қауымдастығының «Ақ жүрек» сыйлығына ие болды.