Бүгін Алматы қаласындағы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-ға «Сунчонхян» Университеттік медициналық орталығының (Корея) делегациясы келді. Оның құрамында Пучон қаласының мэрі Чо Ён Ик, қалалық денсаулық сақтау орталығының басшысы Ким Ин Дже, Сунчонхян университеті госпиталінің директоры Син Ын Джин, Седжон қалалық ауруханасының, Йонсе Бонсаран ауруханасының, Кореяның католиктік университетіндегі Әулие Мэри Халықаралық медициналық орталығының госпиталь директорлары бар.
Қонақтар әлемдік стандарттарға сәйкес заманауи жабдықтар орнатылған клиниканың рентген-эндоваскулярлық оперблогында болды. Делегация мүшелері кардиохирургия және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бөлімшелерін де көрді. Бөлімше меңгерушілері тек ҒЗИ-да жүргізілетін операциялар, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерді басқару және т.б. туралы айтып берді. Институттың рентгенхирургтары мен кардиохирургтары орындайтын бірегей операциялық араласулар делегация мүшелерінің үлкен қызығушылығын тудырды.
ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов бүгін С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ (КІА ҒЗИ университеттің клиникасы болып табылады) және «Сунчонхян» Университеттік Медициналық орталығы қол қойған Ынтымақтастық туралы меморандум екі тараптың оқытушыларымен, қызметкерлерімен және білім алушыларымен өзара академиялық және ғылыми алмасуларды жүзеге асыруға, әр тарап өткізетін халықаралық білім беру, ғылыми және практикалық іс-шараларға, шеберлік сыныптары мен кәсіби тағылымдамаларға қатысуға, медицина қызметкерлері үшін клиникалық медицина саласында бірлескен тағылымдамаларды ұйымдастыруға және өткізуге ықпал ететінін атап өтті.
Ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл халыққа медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін тәжірибе, инновациялар мен технологиялармен алмасуға мүмкіндік береді.