Қан ұйығыштарының пайда болуын қалай болдырмауға болады?


Статистикаға сәйкес, тамыр тромбозы бүкіл әлемдегі адамдардың 70%-ның денсаулығына кері әсер етеді. Жыл сайын жер бетінде өмір сүретін 250 адамның біреуі осы аурудан қайтыс болады.



Тромбоздың үш негізгі себебі: тамыр қабырғаларының нашарлауы, қан ағымының баяулауы және қою қан. Тромбоз веноздық және артериялық болады. Веноздық тромбоз жарақат, операция, сәулелік немесе химиотерапия кезінде веноздық қабырға құрылымының бұзылуынан, қан ұюының жоғарылауынан және қан ағымының баяулауынан пайда болатын жедел ауру. Артериялық тромбоз – бұл патологиялық жағдай. Науқастарда артерияны тарылтатын және қан айналымының жетіспеушілігін тудыратын атеросклеротикалық бляшкалар бар. Уақыт өте келе бляшкалар қан ұйығышына айналады. Сондай-ақ, өкпе артериясының тромбоэмболиясы (ӨАТЭ) - өкпе артериясы қан ұйығышымен толығымен немесе ішінара бітелген кезде болатын қауіпті ауру.



Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиология және ішкі аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Гүлнара Оспанованың айтуынша, төмендегі қауіп факторлары тромбоздың ықтималдығын арттыруы мүмкін:



          - Адамның неғұрлым жасы үлкен болса, тромбоз қаупі соғұрлым жоғары болады.



- Семіздік - дене салмағының индексі 30-дан асса. Майлы және қуырылған тағамдарды шамадан тыс пайдаланған кезде қандағы холестерин жоғарылап, қан тамырларының қабырғаларында жиналады. Атеросклеротикалық бляшкалар пайда болады.



- Стационарға жатқызу және 3 тәуліктен кем емес уақыт төсектен тұрмау тәртібі. Ұзақ уақыт бойы жатқан, аз қимылдайтын науқастарда тромбоз қаупі артады.



- Аяқтың жарақаттары мен сынықтары.



- Жүктілік және босанғаннан кейінгі кезең.



- Әуе сапарлары және көліктің кез-келген түрімен саяхаттау кезінде адам ұзақ уақыт отырады, қозғалыстар шектеулі. Осыған байланысты қан ағымының жылдамдығы төмендейді, тромбоз қаупі жоғарлайды. Алдын алу үшін көбірек сұйықтық, шай немесе минералды су ішу керек.



- Контрацептивтерді қабылдау, гормондық терапия.



- Аяқ тамырлары варикозының әсерінен қан ағымы нашарлайды, қан ұйығыштары пайда болады және тамырлар бітеліп қалады.



- Онкологиялық науқастарда қанның ұюы жоғарылайды. Химиотерапия тромбоздың пайда болу қаупін арттырады.



- Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі кезінде яқ-қолдардың ісінуі пайда болады және бұл тамырлар арқылы қан ағынын қиындатады.



- Созылмалы бронхиттің асқынуы, бронх демікпесінің ауыр ағымы, жедел тыныс алу жетіспеушілігі гемостаз жүйесіне әсер етеді: қанның ұюы жоғарылайды.



- Өткерген ишемиялық инсульт, әсіресе қозғалыс белсенділігінің бұзылуымен болған ауру жағдайында тромбоздың даму қаупі жоғары болады.



- Жедел және созылмалы инфекциялар, сепсис.



- Темекі шегу. Никотин тамырларды тарылтады және тромбозды тудырады.



Эмоционалды агрессия және мазасыздық. Үнемі ренжіп жүру, стресстер тамырларға адреналиннің көп мөлшерін шығаруға әкеледі, тамырлар тарылады.



Қан ұйығыштары болмауы үшін:



Қан ұйығыштарының пайда болуына жол бермейтін арнайы тамақтану режимін ұстаныңыз.



Жаман әдеттерден бас тартыңыз және ашық ауада көбірек уақыт өткізіңіз: гиподинамиямен күресіңіз, өзіңізге жеткілікті физикалық белсенділік беріңіз.



Иммундық жүйені нығайту қажет.



Компрессиялық гольф, арнайы тоқылған шұлық киіңіз.



Көп сағат  отыру керек болатын, ұшақпен немесе көлікпен ұзақ сапарларды алдын ала мұқият жоспарлаңыз.



Ыңғайсыздық тудыратын және дененің жеке бөліктерін қысатын (мысалы, тар джинсы, белбеу, корсет, ыңғайсыз аяқ киім) сыртқы және іш киімдерді, аксессуарларды киюге болмайды.



Жалпы салқындап қалудан аулақ болыңыз.



Тромбоздың алдын алуға дәрі-дәрмектерді тағайындау үшін дәрігердің кеңесін алыңыз.