Халықаралық нефрологтар қоғамы мен Халықаралық бүйрек қоры федерациясының бастамасымен жыл сайын наурыздың екінші бейсенбісінде атап өтілетін Дүниежүзілік бүйрек күні аясында Алматы қаласында «Диализді кейінге қалдыруға болады!» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараны ұйымдастырушылар: С.Асфендияров ат. ҚазҰМУ нефрология кафедрасы, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ және Қазақстан диализ қоғамы.
«Осы күннің басты міндеттерінің бірі – медицинаның осы саласындағы мамандардың тәжірибе алмасуы, бүйрек ауруларының алдын алу, нефрологиялық аурулары бар науқастарды емдеу сапасын арттыру. ДДҰ мәліметтері бойынша, жер бетіндегі халықтың шамамен 10% - бүйрек жүйесімен проблемалары бар. Біздің институт соматикалық патологиясы бар науқастарға, оның ішінде нефрологиялық бейіндегі пациенттерге көмек көрсетіп келеді. Бізде көп жылдар бойы нефробиопсия және бүйрек патологиясының морфологиялық диагностикасы жүргізілді. Биыл бұл техниканы қайта қолға алып жатырмыз. Бүйректің гломерулық ауруына шалдыққан пациенттер амбулаторлық немесе стационарлық тексеруден және емдеуден, оның ішінде гемодиализден өте алады», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов.
Қазақстанда тәуелсіздік алған жылдары бүйректің созылмалы ауруын (БСА) емдеу бойынша барлық назар соңғы, бесінші кезеңге аударылды, бұл – диализ жүргізу және бүйрек трансплантациясы. Елімізде 2023 жылдың соңындағы көрсеткіш бойынша 130-дан астам диализ орталығы, БСА терминалдық сатысындағы 8000-нан астам науқас тіркелген және де бұл көрсеткіш Қазақстанда жыл сайын артып келеді, деген пікірде С. Асфендияров ат.ҚазҰМУ нефрология кафедрасының меңгерушісі. , м. ғ. д. Абай Шепетов.
Кафедра профессоры Қайрат Қабулбаев: «Диализдегі пациенттер санының өсуі ең алдымен бүйрек ауруларының кеш диагностикасына байланысты. Елде артериялық гипертензияны, қант диабетін, сүт безі обырын ерте диагностикалауға арналған скринингтік бағдарламалар бар, алайда бүйрек ауруларының ерте сатыларында диагностикалауға арналған бұндай бағдарламалар әлі жоқ. Бүйректің ауырсынусыз немесе басқа да белгілерсіз «үнсіз» орган болуы қосалқы фактор болып қалып отыр».
Конференцияға қатысушылар, бүгінгі таңда бүйрек ауруларының соңғы сатысын болдырмау, яғни диализ жасамау мүмкіндігі туып отырғанын атап өтті. Бүйрек ауруын емдеу және бәсеңдету бойынша әлемдік зерттеулердің нәтижелері баяндалды. Бұл серпінді терапиялық жаңалықтар бүйрек қызметі жеткіліксіздігінің алдын алуға, қызметін арттыруға және БСА шалдыққын адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндіктер береді.
Қазақстандағы нефрологиялық мектептің негізін қалаушы, Халықаралық нефрология қоғамы «Нефрологиядағы ізашар» деп атаған, дүние жүзіне танымал ғалым, профессор Асия Қанатбаева бұл жаңа емдеу түрлері барлық пациенттерге барлық жерде қолжетімді болуы тиіс екенін атап өтті.
Қазақстанның нефрологтары бүйректің созылмалы ауруын ерте диагностикалау бойынша кең ауқымды скринингтік бағдарламаның қажеттілігі туралы, диализдің алдын алуға және кейінге қалдыруға, мүгедектікті азайтуға қабілетті инновациялық емдеу әдістерін енгізу қажеттілігі туралы қарар қабылдады, бұл аурудың соңғы сатысындағы қымбат емге кететін шығындарды едәуір қысқартуға, қазақстандықтардың денсаулығы мен өмірін сақтауға мүмкіндік береді.