Эпидемиологиялық зерттеулерге сәйкес, қазіргі уақытта әлем халқының шамамен 6%-ы бронх демікпесінен зардап шегеді және 40% астамында аллергия белгілері бар. Сондықтан, бұл мәселе бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің бірі.
Демікпе – тұншығу мен ысқырықты деммен қайталанатын ұстамамен сипатталатын созылмалы ауру. Егер қоздырғыш факторларды танымай және олардың әсерін білмесе, тыныс алу жолдарының тарылуы пайда болады, бұл өмірге қауіп төндіруі мүмкін және астматикалық ұстамаларға, тыныс алу жеткіліксіздігіне және тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Тұқым қуалаушылыққа бейімділік болған кезде, әсіресе жақын туыстары — ата-аналары немесе бауырлары арасында демікпе ықтималдығы артады.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Республикалық аллергологиялық орталығының иммунолог-аллерголог дәрігері Мадина Байдильдаеваның айтуынша, демікпені толық емдеуге болмайды, бірақ уақтылы диагностикалау және дұрыс емдеу арқылы өршу қаупін азайтуға, асқынулардың алдын алуға және ауруды бақылауға қол жеткізуге болады.
«Аллергиялық аурулармен күресуге болады және күресу қажет! Дәлелденген профилактикалық шараларды қолданған дұрыс. Профилактикалық шараларды жатырішілік кезеңнен бастап, бала туылғаннан кейін жалғастыру керек. Салауатты өмір салты - қазіргі адам денсаулығының кепілі. Егер қауіп факторлары алынып тасталса және мамандардың ұсыныстары бұзылмаса, аллергиялық аурулар мен демікпені жеңуге болады», - дейді дәрігер.
Бірнеше кеңестер:
- аллергия тудыратын тамақ пен дәрілік заттардан аулақ болыңыз;
- жануарларды үйде ұстамаңыз (жануарлардың аллергендері үй ішінде тағы 6 ай бойы тұрады);
- шаң жинайтын заттардан аулақ болыңыз: кілемдер, ескі кітаптар, жұмсақ жиһаз;
- сүртуге болатын жиһазды қолданыңыз (ағаш, пластик, винил немесе былғары);
- барлық төсек-орындарды (көрпе жамылғылары, жаймалар, жастық қаптары) ыстық сумен (60 °C-тан жоғары) кем дегенде 2 аптада 1 рет жуу керек;
- үйде дымқыл тазалау күн сайын жүргізілуі керек;
- тамақ пісіргенде сорғышты қолданыңыз;
- темекі түтінімен және лак бояулармен жанасудан аулақ болыңыз;
- дұрыс тамақтаныңыз;
- гипоаллергенді косметика мен тұрмыстық химияны қолданыңыз;
- салауатты өмір салтын ұстаныңыз.