Бүгін сіздерге Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Консультациялық-диагностикалық орталығының меңгерушісі, м.ғ.д., жоғары санатты дәрігер Қуат Абзалиев туралы айтқымыз келеді.


Қуат Баяндыұлының жүрек-тамыр хирургиясындағы жалпы еңбек өтілі 35 жылды құрайды.



1984 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің емдеу факультетін және хирургия бойынша интернатураны, ал 2004 жылы – А.Н.Сызғанов ат. Ұлттық ғылыми хирургия орталығында докторантураны, 2009 жылы – Халықаралық бизнес академиясын аяқтады.



Еңбек жолын шұғыл медициналық көмек көрсету хирург дәрігері қызметінен бастады. 1985 жылдан 2014 жылдың аралығында кіші ғылыми қызметкер, жетекші ғылыми қызметкер, кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі м.а., туа біткен жүрек кемістігі бөлімшесінің меңгерушісі және А.Н.Сызғанов ат. ҰХО директорының стратегиялық және коммерциялық даму жөніндегі орынбасары, 2014 жылдан бастап – Қазақ үздіксіз медициналық білім беру университетінде кардиохирургия кафедрасының меңгерушісі болып қызмет жасады. 2018 жылы Әл-Фараби ат. ҚазҰМУ Алдыңғы технологиялар және білім орталығының директоры болып, 2019 жылы – Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Консультациялық-диагностикалық орталығының меңгерушісі қызметіне тағайындалды.



Қуат Баяндыұлы үшін кәсіби мінез-құлық, жауапкершілік, адалдық, әрқашан адамдарға көмек көрсетуге дайын болу және пациенттермен өзара дұрыс қарым-қатынасты құра білу секілді дәрігерге тән кәсіби және адамгершілік мінезі өмірінің ажыратылмас бөлігі болып табылады.



Ол «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Алтын дәрігер»,  «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін»,  «Алматы қ.- 2016 денсаулық сақтау ісінің үздік тәуелсіз сарапшысы» төсбелгілерімен марапатталған.



340-тан астам мақала мен тезистердің, 40 патент пен өнертабыстың, 4 монографияның, 6 оқулықтың, 12 әдістемелік нұсқаманың авторы болып табылады.



Қазіргі таңда консультациялар, вебинарлар жүргізеді, пациенттерді шұғыл операциялық және рентгенэндоваскулярлық араласуларға іріктеумен айналысады, жас мамандармен өзінің тәжірибесі мен білімін бөліседі, диссертациялық жұмыстар мен ғылыми жобаларға басшылық етеді.