Қазіргі уақытта білікті медициналық көмек көрсетуді мейіргердің қатысуынсыз елестету қиын. Бұл адам бойында адамгершілік қасиетті талап ететін маңызды мамандық.
Мейіргерлерді «Мейірбан жандар» деп жай атамаған. Осындай мейіргерлердің бірі – жүрек ырғағы мен өткізгіштігінің бұзылысы бөлімшесінің пост мейіргері Гүлнар Керімқұлова. Ол тек Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да 26 жыл еңбек етіп келеді. «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша Алматы қалалық медицина колледжін аяқтаған Гүлнар Чапайқызы өзінің еңбек жолын Алматы облысының Шелек ауданы Қаратүрік ауылының учаскелік ауруханасында балалар бөлімшесінің мейіргері ретінде бастады. 1994 жылы Алматы қаласына көшіп келгеннен кейін, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ жұмысқа орналасып, содан бері осы ұйымда үздіксіз еңбек етіп келеді.
Гүлнар Керімқұлова еңбеккорлық, шыдамдылық пен сабырлық, жұмыс барысында шапшаңдық көрсету сияқты мінезімен ерекшелінеді.
Еліміздің денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан үлесі үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және клиника басшылығының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен бірнеше рет марапатталды.