Бронх демікпесін емдеу тәртіпті сақтауды қажет етеді


Бронх демікпесі – қазіргі заманның маңызды проблемасы ретінде танылған созылмалы бронх ауруы. Қазіргі уақытта бұл аурумен әлемдегі ересек халықтың                       8%-на дейін зардап шегеді және жылына 250 мыңға жуық науқас қайтыс болады.



Ол шырышты қабықтың ісінуімен және тарылуымен қоса жүреді, тыныс алудың бұзылуын және тұншығу ұстамасын тудырады.



Көбінесе бронх демікпесінің негізгі себебі аллергендер болып табылады. Кеңінен таралған аллергендер: тұрмыстық шаң (оның ішінде кітап шаңы), дәрі-дәрмектер, жуғыш заттар құрамы, аквариум балықтарына арналған тамақ, жануарлардың жүні және т.б. Демікпе зиянды өндірістегі жұмыс кезінде дамуы мүмкін. Патологияның дамуына қауіп төндіретін факторларға генетикалық бейімділік, суықтану және стресс жатады.



Бронх демікпесінің бірнеше негізгі формалары бар: аллергиялық, аллергиялық емес және аралас.



Аурудың негізгі белгісі – тұншығу ұстамасы. Сондай-ақ, негізгі белгілерге дем шығару кезінде ысқырықты сырылдар, жиі суық тию, тыныс алудың мерзімді қиындықтары, жөтел, тыныс алу жүйесінің жұмысындағы маусымдық проблемалар жатады. Бронх демікпесі науқас түтінмен және басқа ықтимал аллергендермен байланыста болған кезде, шамадан тыс дене белсенділігі кезінде, бөлмедегі немесе көшедегі температура айтарлықтай өзгергенде, эмоционалды шиеленіс жағдайларында айқын көрінеді. Науқастардың жағдайы әдетте астматикалық және антигистаминді қолданғаннан кейін тез жақсарады.



Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Республикалық аллергология орталығы басшысының м.а. Арай Батырбаеваның айтуынша, бұл патологияға пульмонолог диагноз қояды. Аспаптық және зертханалық диагностика аурудың ауырлығын және оның себептерін анықтауға бағытталған. Зертханалық тексеру аурудың аллергиялық сипатын растау кезінде маңызды.



Жүргізілетін негізгі зерттеулер: қан талдауы, қақырықты жалпы талдау, иммундық күйді бағалау. Диагностиканың негізгі әдістері: спирометрия және пикфлоуметрия, бұл пациенттің жағдайын динамикада бағалауға мүмкіндік береді.



«Бронх демікпесі диагнозын тек дәрігер қоюы керек. Егер пациент емделуге дайын болса және мамандардың ұсыныстарын орындаса, ұзақ мерзімді ремиссияға қол жеткізуге болады. Емдеу тәртіпті сақтауды және көп уақытты қажет етеді. Динамикадағы патологияның дамуын бақылау өте маңызды. Сондықтан науқас клиникаға жиі баруы керек», - дейді доктор.



Бронх демікпесін дәрі-дәрмекпен емдеу негізгі және симптоматикалық препараттарды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, пациенттерге тыныс алу жаттығулары, дене жаттығулары, рефлексотерапия және басқа емдеу әдістері ұсынылады. Арнайы диетаны ұстану да маңызды болып табылады.  



Аурудың дамуын болдырмау және ұзақ және тұрақты ремиссияны қамтамасыз ету үшін аллергендермен байланыста болмау, темекі шегуден бас тарту, таза ауада серуендеу, физиотерапия, тыныс алу жолдарының созылмалы инфекцияларының алдын алу, жеткілікті дене белсенділігі сияқты бірқатар ұсыныстарды орындау қажет. Ұстамалардың қайталануын болдырмау үшін науқастарға жылына кемінде бір рет шипажайларда сауықтыру курстарынан өту ұсынылады.