Адам күнделікті рационына барлық «дәмді» тағамды қосуға тырысады: құнарлы сорпалар, ысталған және майлы ет, маринадтар, тұзды балық, тәтті сүт өнімдері, торттар және т.б. Біздің ағзамыз өмірлік қуат алу үшін бәрін қорытуға дайын. Бірақ барлығын бірдей тұтыну дұрыс па?
Адамның тамақтануы мен ауруы арасындағы тікелей байланыс бары ғылыми түрде дәлелденген. Жүрек-қан тамырлары аурулары әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде біздің елімізде де өлім-жітімнің басты себептерінің бірі.
Жүрек - ағзадағы үздіксіз жұмыс істейтін және қанды айдайтын, бүкіл денені қоректік заттар мен оттегімен қамтамасыз ететін жалғыз бұлшық ет. Адамның ұзақ өмір сүруі мен жұмыс қабілетін мүмкіндігінше ұзақ сақтай алуы үшін, жүрек-қан тамырлары жүйесінің әртүрлі ауруларына ерте диагностика жасау қажет. Салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтану әдеттері арқылы аурудың алдын алу маңызды.
«Дұрыс тамақтану - жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін азайтудың ажырамас бөлігі. Шамадан тыс тамақтану асқазанды толтырады, диафрагманы басып, жүректің жұмысын қиындатады. Шамадан тыс мөлшерде ішкен сұйықтық та жүктеме тудырады», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиология және оңалту бөлімшесінің кардиолог дәрігері Талшын Қалиолдаева.
Жүрек-қан тамырлары аурулары кезінде тамақтануда қауіп факторлары -жемістерді, көкөністер мен жидектерді аз тұтыну, тұз бен қаныққан май қышқылдарын шамадан тыс тұтыну, тағамда талшықты заттардың болмауы және соның салдарынан дұрыс тамақтанбауға байланысты артық салмақ пайда болады.
«Тағамдағы қоректік заттардың дұрыс қатынасын сақтау және оның әртүрлі болуына мән беру маңызды. Дұрыс тамақтану жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін азайтып қана қоймай, бұл ауруларды емдеуде де айтарлықтай ықпал етеді», - дейді дәрігер.
Тамақтануға байланысты көптеген жүрек-қан тамырлары ауруларын бақылауда ұстауға болады. Өз рационыңызды қадағалаңыз, пайдалы тағамға артықшылық бере отырып, зиянды тағамдардан аулақ болыңыз. Дұрыс тамақтансаңыз, деніңіз сау болады.