Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ №2 терапия бөлімшесіне көру қабілетінің күрт төмендеуіне, көзінің бұлыңғырлану сезіміне, тізе буындарының ауырсынуына, ауыз қуысындағы жараларға шағымданумен пациент емделуге жатқызылды. Науқастың айтуынша, екі көзінің көру қабілеті 5 жыл бойы төмендеуде, шамамен 5 жыл бұрын екі көзде қызару, жарыққа қарай алмау, ауырсыну пайда болған.
Ол бірнеше рет «ОИ - алдыңғы увеит» диагнозымен стационарлық ем қабылдаған. 2021 жылы оған Бехчет ауруы диагнозы қойылған. Ревматологта амбулаториялық жағдайда бақылауда болған. Ұзақ уақыт бойы қабылданған дәрі-дәрмектер әсер етпеген.
«Біздің клиникада профессор Ольга Машкунованың қатысуымен консилиум өткізілгеннен кейін диагнозы расталды. Офтальмолог инфликсимаб гендік-инженерлік препаратын тағайындау туралы шешім қабылдады. Алғашқы инфузиядан кейін көздің ауырсынуы басылып, көру қабілеті жақсарды. Тұрғылықты жері бойынша терапияны жалғастыру ұсынылды», - дейді бөлімше меңгерушісі, ревматолог Майса Калыкова.
Бехчет ауруы (БА) - бұл аутоиммунды сипаттағы сирек кездесетін ауру, жүйелі өзгермелі васкулиттерге жатады, онда кіші және орта артериялар мен тамырлар зардап шегеді, жыныс аймағында және ауыз қуысының шырышты қабығында ойық жаралы процестер пайда болады, увеит дамиды. Патологиялық процеске ішкі органдар, буындар, ми ұшырауы мүмкін. Тромбоз, асқазан-ішектен қан кету сияқты асқынулар өлімге әкелуі мүмкін.
Бұл аурудың себептері белгісіз. Клиникалық көрініс: пациенттерде ауыр ойық жаралы стоматитке ұқсас қайталанатын, ауыратын ауыз жаралар пайда болады. Тілде, қызыл иекте, ауыз қуысының шырышты қабығында, жыныс мүшелерінде жаралар болуы мүмкін. Пациенттердің 25-75%-да көздің зақымдануы байқалады. Көздің бір бөлігі қабыну процесіне шалдығады, нәтижесінде көздің ауыруы, қызаруы, жарыққа сезімталдығы және бұлыңғырлануы пайда болады. Егер емделмесе соқырлыққа әкелуі мүмкін. Науқастардың 80%-да теріде көпіршіктер және іріңді безеулер пайда болады. Аяқтарда ауырсыну пайда болуы мүмкін. Науқастардың тізе және басқа да ірі буындары ауырады.
Бүкіл денедегі қан тамырларының қабынуы артерияларда қан ұйығыштарының пайда болуына және қан тамырларының әлсіреген қабырғаларының ісінуіне әкелуі мүмкін. Егер ми артериялары зақымдалса, васкулит инсультке әкелуі мүмкін. Бүйрек артериялары зақымданған кезде бүйрек тінінің зақымдануы мүмкін, ал өкпе артериялары зақымданған кезде қан кету мүмкін, бұл кезде адам қан түкіреді.
Мидың немесе жұлынның қабынуы сирек кездеседі, бірақ бұл ауыр зардаптарға әкеледі. Алдымен бас ауруы пайда болуы мүмкін. Басқа белгілерге дене қызуы мен мойынның қозғалмай қалуы (менингит белгілері), қимыл-қозғалыс үйлесімін жоғалуы жатады. Жылдар өткен соң тұлғаның өзгеруі және есте сақтау қабілетінің жоғалуы дамуы мүмкін.
Диагноз клиникалық және зертханалық мәліметтер негізінде қойылады.
Уақытылы емделмеу соқырлыққа, өлімге әкелетін артериялардың жарылуына, энцефалопатияны тудыратын неврологиялық белгілерге әкелуі мүмкін, бұл өздігінен қозғала алмауға әкелуі мүмкін. Бехчет ауруын емдеудің тиімділігі емдеудің уақытылы басталуына және пациенттің дәрігердің ұсынымдарын орындауына байланысты.