Бүгін, Иран университетінің ректоры Абдолреза Пазуки бастаған Иран медицина ғылымдары университетінің делегациясы Алматы қаласындағы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-ға жұмыс сапарымен келді.
Қонақтар рентгенэндоваскулярлық және кардиохирургиялық операциялық блоктарда, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі және эндоскопия бөлімшелерінде болды.
Рентгеноперблок меңгерушісі Алексей Колесников клиникада жүргізілетін рентгенэндоваскулярлық араласулар туралы, хирургиялық қызметтің жетекшісі Рустем Тулеутаев - еліміздің оңтүстік астанасында тек КжІАҒЗИ-да имплантацияланатын LVAD туралы, СЖЖ бөлімшесінің меңгерушісі Амина Ракишева - созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарды емдеу туралы, ал эндоскопия бөлімшесінің меңгерушісі Алма Хабижанова интестиноскопияны енгізу - аш ішек патологиясын диагностикалаудың жоғары технологиялық әдістемесі туралы айтып берді.
ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов кеше С.Асфендияров ат. ҚазҰМУ (КжІАҒЗИ - университетің клиникасы) және Иран медицина ғылымдары университеті арасындағы Ытымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын атап өтті. Меморандум екі тараптың оқытушылармен, қызметкерлермен және білім алушылармен тәжірибе мен білімді өзара алмасуды жүзеге асыруға, шеберлік сыныптарға қатысуға және әрбір Тарап ұйымдастыратын медицина қызметкерлері үшін бірлескен тағылымдамаларды ұйымдастыруға ықпал етеді.
Өз кезегінде, қонақтар университеттің қызметі туралы бөлісіп, институтқа келуге мүмкіндік алғаны үшін КжІАҒЗИ басшылығына алғыстарын білдірді.
Ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл халыққа медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін тәжірибе, инновациялар мен технологиялармен алмасуға мүмкіндік береді.
Иранның медицина ғылымдары университеті - мемлекеттік университет, медицина ғылымдары саласындағы ірі оқу орны және ғылыми-зерттеу орталығы. Тегеран қаласында орналасқан. 1973 жылдан бастап императорлық медициналық орталық ретінде өз тарихын жалғастыруда. Гарвард, Колумбия және Корнелл университеттерімен серіктес. ИМҒУ құрамына эндокринология және зат алмасу ҒЗИ, 27 ғылыми-зерттеу орталығы, 10 факультет, 7 клиникалық аурухана, 10 емдеу-білім беру орталығы кіреді. Университетте бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша 7 мыңнан астам студент оқиды.