Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты мен Пиза университетінің Дипломнан кейінгі білім беру кардиология институты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты мен Пиза университетінің Дипломнан кейінгі білім беру кардиология институты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Бүгін Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Марат Пашимов Пиза (Италия) университетінің Дипломнан кейінгі білім беру кардиология институтының директоры, жүрек-қан тамырлары медицинасы кафедрасының меңгерушісі Марио Марзиллимен кездесті. Кездесу барысында ұйымдар арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Ынтымақтастық кардиология, жүрек-қан тамырлары хирургиясы, интервенциялық кардиология, реаниматология және қарқынды терапия сияқты басым бағыттарды қамтыды.

Тараптар жаңа медициналық технологияларды енгізуге және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге; бірлескен конференциялар, семинарлар, симпозиумдар, шеберлік сабақтарын ұйымдастыруға, сондай-ақ электрондық білім беру ресурстарын енгізуге ықпал ететіндігі туралы келісті.

Ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл кәсіби білім мен дағдыларды таратуға; бірлескен жаңа білім беру жобалары мен бағдарламаларын әзірлеу және жүзеге асыру бойынша тәжірибе алмасуға, мамандардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Институтқа И.Ахунбаев ат. Қырғыз мемлекеттік медицина академиясының М.Вольский - М.Миррахимов ат. факультеттік терапия кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.д., проф. Еркін Миррахимов және Республикалық мамандандырылған кардиология ғылыми-тәжірибелік медициналық орталығы (Өзбекстан) директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Улугбек Низамов та келді.

         Қабылдау бөлімі, ультрадыбыстық зерттеу, сәулелік диагностика, кардиохирургия, жүрек ырғағы мен өткізгіштігінің бұзылуы бөлімшелерінің, клиникалық диагностикалық зертхана және рентген операциялық блоктың меңгерушілері қонақтарға соңғы буын премиум класты аппараттарды көрсетіп, институтта жасалып жатқан бірегей кардиохирургиялық операциялар, рентген-эндоваскулярлық және аритмологиялық араласулар туралы айтып берді.