Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында бауырдың аутоиммунды патологиясы саласындағы жетекші жапон маманы, Nagasaki University Graduate School of Biomedical Sciences профессоры, медицина ғылымдарының докторы (M. D., PhD) Атсумаса Коморимен кездесу өтті.
Жапон гепатология қоғамының және Азия Тынық мұхиты бауырды зерттеу қауымдастығының (APASL) мүшесі, профессор Комори ұзақ уақыттан бері институттың серіктесі. Қолданыстағы меморандум шеңберінде ол Қазақстанда аутоиммунды ауруларды диагностикалау мен емдеудің жаңа әдістемелерін дамытуға ықпал ете отырып, үнемі білім беру және клиникалық қолдау көрсетеді.
Кездесу барысында институт қызметкерлерінің Жапонияда тағылымдамадан өтуі, клиникалық тәжірибе алмасу және диагностика мен терапияның озық әдістерін енгізу сияқты ынтымақтастық жұмыс бойынша жоспарлар талқыланды.
«Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ профессор Коморидің отандық медицинаны дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайды және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды жалғастырады», - дейді институттың Басқарма төрағасы Марат Пашимов.
19-20 қарашада профессор А. Комори «Гепатология мен ревматологиядағы аутоиммунды ауруларды диагностикалау мен емдеудің өзекті аспектілері» шеберлік класының спикері болады.