Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында жүректің сәулелік диагностикасын жасауда тәжірибе алмасу мақсатында радиолог дәрігерлер мен резиденттерге арналған «Жүрек. КТ/МРТ визуализациясы» тақырыбында семинар өтті.
Қатысушылар жүректің КТ және МРТ диагностикасы бойынша дәрістер тыңдады, сондай-ақ тәжірибеден клиникалық жағдайлар ұсынылды. Германиядан келген сәулелік диагностика саласындағы жетекші маман, медицина докторы Ульрих Херманн Барков жүрек патологиясын диагностикалаудағы тәжірибесімен бөлісті және өз тәжірибесінен клиникалық жағдайларды ұсынды.
Клиниканың емдеу жұмысы жөніндегі директоры Гүлнара Оспанова өз сөзінде, институттың білім беру қызметі аясында тәжірибе алмасу және ел өңірлерінің медициналық ұйымдары мен дәрігерлеріне ұйымдастырушылық-әдістемелік, практикалық көмек көрсету үшін семинарлар өткізіліп жатқанын атап өтті. Сәулелік диагностика бөлімшесінде толық кардиопакеті және 3d-визуализациясы бар республикадағы ең заманауи премиум – класты КТ аппараты орнатылған. Мұндай бірегей соңғы буын аппаратында зерттеу Алматыда тек Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-де жүргізіледі. Мұндай іс-шаралар рентгенологтар мамандарға өздерінің кәсіби білімдері мен практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Семинардың модераторы м.ғ.д., профессор, С.Ж. Асфендияров ат. ҚазҰМУ визуалды диагностика кафедрасының меңгерушісі Жәмила Жолдыбай КІАҒЗИ-да заманауи диагностика әдістері енгізіліп, жоғары санатты мамандар еңбек ететінін атап өтті.
Жиналғандар КТ және МРТ-да жүрек визуализациясы, норма нұсқалары, қызығушылық аймақтары және жаңартылған CAD-RADS 2.0-2022 жүйесі бойынша коронарлық артерияларды бағалау мәселелерін қарастырды.