Биыл біз гастроэнтерологияның дамуына ерекше назар аудардық.
Пациенттер асқазан-ішек жолдарының ауруларын диагностикалау және емдеу бойынша медициналық қызметтер алды, олар:
- өңеш, асқазан, ішек, бауыр және ұйқы безі аурулары бойынша сараптамалық қорытынды;
- асқазан-ішек жолдарының патологиясының асқынуларын; ішектің қабыну ауруларын; бауырдың созылмалы патологияларын; ұйқы безі ауруын диагностикалау, емдеу және алдын алу;
- ІҚА шалдыққан пациенттер үшін гендік-инженерлік (биологиялық) терапия жүргізу;
- АІЖ патологиясы бар пациенттерді операцияларға дайындау және т.б.
Пациенттер асқазан-ішек жолдары патологиясының, ісікке дейінгі аурулардың, аш және тоқ ішектің сараптамалық эндоскопиялық диагностикасынан, асқазан-ішек жолдарының эндоскопиясынан; илеоколоноскопиядан, бейнекапсулалық эндоскопиядан; энтероскопия және емдік эндоскопиядан өте алды.
Пациенттерге ішек пен іш қуысы мүшелерінің ультрадыбыстық зерттеулері, бауыр мен көкбауыр тамырларының доплерографиялары жасалды.
Сәулелік диагностика әдістері енгізілді: магниттік-резонанстық холангиопанкреатография; магниттік-резонанстық энтерография және КТ-колоноскопия (виртуалды колоноскопия).
Біздің ревматологтар аутоиммунды және орфандық ауруларға шалдыққан науқастарды емдеді. Ревматологиялық және нефрологиялық бейіндегі пациенттерге патогенетикалық және гендік-инженерлік биологиялық терапия, тыныс алу органдарының аурулары бар пациенттерге - ангиопульмонография, бронхоскопия, кеуде органдарының КТ, спирография жүргізілді. Аллергиялық аурулары бар науқастарға in vitro және in vivo диагностикасының заманауи әдістері, аллергенге тән иммунотерапия қолданылды.
Біздің дәрігерлер жүкті әйелдерді, ауыр соматикалық патологиясы бар босанған әйелдерді, соның ішінде қант диабетімен ауыратындарды бақылап, емдеді.
Телемедицина арқылы біз еліміздің медициналық ұйымдарының мамандарына қызметіміздің бейіні бойынша кеңес бердік және оларға қашықтан медициналық көмек көрсеттік.