Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ алғаш рет 76 жастағы пациентке электродсыз кардиостимулятор салынды

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ алғаш рет 76 жастағы пациентке электродсыз кардиостимулятор салынды

Бүгін Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да алғаш рет 76 жастағы науқасқа Micra электродсыз кардиостимуляторы салынды. Кардиостимуляция технологияларының жаңа буыны жүректің ырғағы мен өткізгіштігінің бұзылуын емдеуде жаңа дәуірді ашады.

«Бұған дейін 2016 жылы науқасқа әдеттегідей электрокардиостимулятор салынған, бірақ көп жылдан кейін ағзасы оны қабылдамаған. Біздің аритмологтар алғаш рет электродсыз кардиостимуляторды А.Сызғанов ат. Ұлттық ғылыми хирургия орталығының рентгенхирургия, интервенциялық кардиология және аритмология бөлімшесінің меңгерушісі Әділ Баимбетовтың басшылығымен орнатты. Келесі операцияларды өзіміз жасайтын боламыз», - дейді Басқарма төрағасы Марат Пашимов.

Клиниканың аритмологиялық қызметінің аға ординаторы Артур Абдымомуновтың айтуынша, Micra - бұл әртүрлі себептермен кәдімгі кардиостимуляторды орнату мүмкін емес, жүрек өткізгіштігінің бұзылуынынң ауыр жағдайларына тап болған науқастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашқан революциялық құрылғы. Micra кардиостимуляторы дәстүрлі модельдерде жиі қолданылатын сымдарды қажет етпейді. Ол аз инвазивті процедуралар арқылы тікелей жүрекке имплантацияланады, бұл - пациент үшін қауіпсіз және ыңғайлы. Операция сәтті өтті. Науқастың жағдайы жақсы.

«Микраның көлемі ықшам, оны тікелей жүрек қуысына орналастыру оңай. Жетілдірілген технологиялар мен био-сенсорлардың көмегімен құрылғы қажетті электрлік импульстарды қамтамасыз ете отырып, жүректің жұмысын ынталандырады. Micraның басты артықшылықтарының бірі - оның ұзақ қызмет ету мерзімі. Батареяның жаңа буыны құрылғының 12 жылға дейін жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Micra электродтарды өткізудің асқыну қаупін айтарлықтай төмендетеді, олардың зақымдану немесе инфекция түсу қаупінен сақтайтынын да айта кету маңызды» - деді жүрек ырғағы мен өткізгіштігінің бұзылуы бөлімшесінің меңгерушісі Бағдат Ахыт.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ заман талабымен қатар жүретін және институт пациенттерінің денсаулық жағдайын және олардың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беретін озық емдеу әдістерін қолданатын жетекші медициналық мекеме ретіндегі беделін тағы да растауы қуантады.

         Пациентке операция тегін жасалды - МӘМС есебінен жасалды.