Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да Дүниежүзілік артритпен күрес күні аясында профессор Ольга Машкунованың жетекшілігімен «Артрит мектебі» өткізілді

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да Дүниежүзілік артритпен күрес күні аясында профессор Ольга Машкунованың жетекшілігімен «Артрит мектебі» өткізілді

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында Дүниежүзілік артритпен күрес күні аясында профессор, м.ғ.к., жетекші ревматолог дәрігер консультант Ольга Машкунованың жетекшілігімен 1 курста оқитын ревматолог және терапевт резиденттер, сондай-ақ ревматологиялық аурулары бар пациенттердің қатысуымен «Тірек-қимыл аппараты және аутоиммунды аурулары бар пациенттерге арналған артрит мектебі» өткізілді.

«Пациенттер мектебі» тірек-қимыл аппараты аурулары бар пациенттерді кешенді бақылаудың ажырамас бөлігі болып табылатындығын ескере отырып, жиналған аудитория үшін бірнеше кезеңнен тұратын бағдарлама ұйымдастырылды. Резиденттер ревматоидты артрит, подагра, остеоартрит және анкилозды спондилит сияқты ең көп таралған аутоиммунды аурулар жөнінде пайдалы материалдар дайындады. Науқастарға дене шынықтырумен шұғылданудың, дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтының маңыздылығы түсіндірілді. Сондай-ақ, аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дәрігерге уақытылы барудың маңыздылығы туралы да айтылды.

Профессор Машкунова өз сөзінде ревматологиялық аурулардың өсуіне және КІАҒЗИ қолданылатын гендік-инженерлік биологиялық препараттармен диагностикалау мен емдеудің инновациялық заманауи әдістерін қолдана отырып, уақытылы дұрыс терапия жүргізудің маңыздылығына назар аударды.  

Ауруды ерте анықтау, ревматологқа уақытылы жүгіну, дәрігерлердің барлық ұсынымдарын сақтау, дұрыс емделу нәтижелі емдеудің және аурудың бетін қайтарудың кепілі болып табылатыны айтылды. Қатысушылар өздерін қызықтырған барлық сұрақтарды қойып, толыққанды жауаптар алды.

«Пациент мектебі» аяқталғаннан кейін пациенттерге резиденттер әзірлеген буклеттер және салауатты өмір салты мен өз ауруын бақылау жөнінде пайдалы ақпараты бар жадынамалар табыс етілді. Ревматологиялық аурулары бар пациенттерге арналған мектептер пациенттердің ауруы туралы білімін арттыру деңгейін және дұрыс емделуге бейімділігін арттырады.

Дүниежүзілік артритпен күрес күнінің негізгі мақсаты - ревматологиялық аурулар проблемасына жұртшылықтың назарын аудару, оның барлық нысандарында артрит туралы хабардарлықты арттыру, осы аурумен ауыратын науқастарда аурудың алдын алу, ерте кезінде диагностикалау, медициналық және әлеуметтік оңалту мәселелерін шешуде дәрігерлердің, пациенттердің және жұртшылықтың күш-жігерін біріктіру.

ДДҰ мәліметтері бойынша, планетаның әрбір оныншы тұрғыны артритпен зардап шегеді.