Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да коронарлық артериялардың мультиспиральды компьютерлік томографиясы (МКТ) кеңінен қолданылады. Бұл инвазивті емес зерттеу әдісі жүрек тамырларын визуализациялау үшін қолданылады. Оның көмегімен аурудың ерте сатысында жүректің түрлі патологияларын анықтауға болады.
Науқас дәрігерге ишемиялық аурудың симптомдарымен қаралған жағдайда оған коронография жасау ұсынылады.
«Сәулелік диагностика – ағзаның ішін көруге мүмкіндік беретін рентген-сәулелерге негізделген әдіс. Контрастылы затты енгізу және арнайы бағдарламалық жасақтамасы бар компьютерлік томографта сканерлеу арқылы біз қан тамырларының қабырғалары мен стеноз аймақтарының жай-күйінің нақты көрінісін аламыз»,- дейді ҒЗИ сәулелік диагностика бөлімшесінің меңгерушісі Қайрат Мурзалин.
Нәтижесінде дәрігерлер ағзаның артериясы қандай күйде екендігін нақты көретін толық суретін алады. Енгізілген контрастылы зат табиғи жолмен шығарылады.
Қайрат Мурзалиннің айтуынша, осындай әдіс пациенттің де, медицина қызметкерінің де уақытын үнемдейді, сондай-ақ оперативтік араласуды қажет етпейтін ауруларды дер кезінде диагностикалауға мүмкіндік береді. Өйткені, диагнозды операция кезінде ғана алып тастайтын жағдайлар кездеседі.
Бұл қызмет тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді. Зерттеуге учаскелік кардиолог жібереді.
Процедурадан өткеннен кейін науқасқа диагноз қойылады, осыған сәйкес ол әрі қарай ем – егер оның жағдайында көрсетілсе, операция жасалады немесе дәрі - дәрмектердің көмегімен амбулаториялық терапия қабылдайды.
2022 жылы клиникада мультиспиральды компьютерлік томографияның көмегімен 800-ден астам коронарография жасалды.