Осы жылдың 22 мамырында UNIVERSITY MEDICAL CENTER КҚ бас менеджері Сауле Шайсултанова Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басшылығының шақыруымен «Қазақстандағы транспланттауды үйлестіру және ағза донорлығының жай-күйі» тақырыбында семинар өткізді. Семинарға институттың анестезиолог-реаниматолог, кардиолог, кардиохирург дәрігерлері мен басқа мамандары, сондай-ақ донорлық стационарлардың басшылары, медициналық ұйым бас дәрігерлерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасарлары және транстплант-үйлестірушілер қатысты.
Ол Қазақстандағы транспланттау қызметінің жай-күйі туралы айтып, транспланттаудың өзектілігі күту парағында жас және орта жастағы адамдардың көптігіне байланысты екенін атап өтті. Проблемалардың бірі - еліміздегі донорлардың жеткіліксіздігі. Күту парағындағы адамдардың шамамен 10%-ы трансплантацияға жете алмай қайтыс болады.
Күту парағында барлығы 3961 пациент, оның ішінде 104 бала тұр, оның ішінде жүрек трансплантациясына кезекте 138 ересек адам және 7 бала бар. Реципиенттердің орташа жасы: 35-45 жас. 2023 жылы 236 адам донорлық органдарды алды: 92% - тірі донорлардан, тек 8% - қайтыс болған адамдардан. 338 науқас қайтыс болуына байланысты күту тізімінен шығарылды, оның ішінде 8 бала бар. Қазақстанда ағзаларды трансплантациялаудан кейін пациенттердің өмір сүруі әлемдік стандарттарға сәйкес келеді.
2012 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңде донорлық ұйымдар қайтыс болғаннан кейінгі 105 донорды пайдаланды.
Сауле Талғатқызы транспланттау орталықтарының функцияларымен, транспланттауды үйлестірудің функционалдық міндеттерімен, донорлық процестің кезеңдерімен, ықтимал донорды тексеру тәртібімен, қайтыс болғаннан кейінгі донорды анықтау кезіндегі транспланттау үйлестірушілерінің іс-қимыл алгоритмімен, ҚР Денсаулық сақтау министрінің «Ағзаларды және тіндерді алу, дайындау, сақтау, консервациялау, тасымалдау, донордан реципиентке трансплантаттау қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» бұйрығымен, ми өлімін анықтау ережелерімен және басқа да көптеген сұрақтармен таныстырды.
Ағзаны, тіндерді және жасушаларды трансплантациялау көптеген ауруларды терминалдық сатыда емдеудің жалғыз әдісі болып табылады. Ауру ағзаны сау ағзаға ауыстырғаннан кейін пациенттер қалыпты өмірге оралып, сапалы өмір сүруге және қоғам мен өз еліне пайда әкелуге мүмкіндік алады.