Бүгін Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ дәрігерлері өткен жылдың наурыз айында қолқа қақпақшасын транскатетерлік имплантациялау (TAVI) операциясы жасалған Валентин Ниді тексеріп-қарады. Бір апта бұрын Валентин Хаксунович 95 жасқа толды.
«Біздің клиниканың интервенциялық кардиологтары, рентгенхирург дәрігерлері 2016 жылдан бастап аорталық қақпақшаны эндоваскулярлық имплантациялау бойынша жоғары технологиялық кардиологиялық операцияларды сәтті жүргізуде», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы, профессор, м.ғ.д. Роза Қуанышбекова.
«Жаңа мүмкіндіктер мен инновациялық тәсілдердің арқасында біз пациенттердің өмірін сақтап, өмір сапасын ұзартып, жақсартуға ықпал ете аламыз. Пациенттердің үйлеріне сау оралуы біз үшін үлкен қуаныш. Біз Валентин Хаксуновичті туған күнімен шын жүректен құттықтаймыз және зор денсаулық пен ұзақ өмір тілейміз!»,- деп атап өтті Роза Тохтанәліқызы.
Бірінші басшының сөзін қолдай отырып, рентгеноперблок меңгерушісі Алексей Колесников: «Қолқа стенозы бар науқастарға қолқа қақпақшасын ауыстыру бойынша кардиохирургиялық операциялар жасауға болмайды. Бұл науқастарда кенеттен өлім қаупі жоғары. Ал TAVI - қолқа қақпақшасын жасанды биологиялық қақпақшамен ауыстырудың заманауи, аз инвазивті әдісі. Осының арқасында оңалту уақыты қысқарып, науқастар қалыпты өміріне тезірек оралады».
«Біз бір жыл 8 айдан кейін Валентин Хаксуновичтің өзін жақсы сезінгеніне қуаныштымыз. Оны енді ентігу, бас айналу мен кеудедегі ауырсыну мазаламайды, қан қысымы да қалыпқа келді», - деп жалғастырды дәрігер.
«Науқастағы қолқа қақпақшасының биопротезін тексердік – ол қанағаттанарлық жұмыс істейді, барлық көрсеткіштер қалыпты, операциядан кейінгі асқынулар жоқ», – дейді функционалдық және ультрадыбыстық диагностика бөлімшесінің меңгерушісі Ақжан Қонысбекова.
Валентин Хаксуновичтің өзі ҒЗИ басшылығына және дәрігерлерге, олардың кәсіби шеберлігі, «алтын қолдары» мен қамқорлығы үшін шексіз алғысын білдірді.